Шағын гранттар: жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бағытында қандай жұмыс қолға алынды?

Жарияланған күні: 27.08.2022


Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірлерінде «Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыру» жобасы іске асырылып жатыр. Жоба аясында республика мектептері мен колледждері жанындағы әскери-патриоттық клубтар, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар жастарға патриоттық тәрбие беру саласындағы түрлі бастамаларды жүзеге асыра бастады. Мұның барлығы бөлінген шағын гранттардың арқасында мүмкін болды.
«Алматы Студенттер альянсы» КҚ шағын гранттарды ұсыну жөніндегі конкурсты өткізді. Келіп түскен 52 өтінімнің ішінен тәуелсіз комиссия әскери-патриоттық бағыттағы 10 үздік жобаны анықтады. «Біздің жоба аясында әскери-патриоттық бастамаларды дамытуға бағытталған шағын гранттар биыл алғаш рет бөлініп отыр. Конкурстың жеңімпаздарын құрамында қоғамдық белсенділер, журналистер, депутаттар және мемлекеттік органдардың өкілдері бар тәуелсіз комиссия анықтады. Үздік 10 жоба мемлекет тарапынан сомасы 400 мың теңгені құрайтын гранттық қаржыландыруға ие болды. Грантты иеленгендердің алтауы – үкіметтік емес ұйымдар, төртеуі – бастамашыл топтар. Жобалар еліміздің түрлі өңірлерінде іске асырылуда», – дейді корпоративтік қордың басшысы Жасұлан Қуандық.
Мәселен, Қызылорда облысының Қармақшы ауданында «Ой бренд» қоғамдық қоры шағын грант аясында әскери-патриоттық клубтарға арналған төрт күндік лагерь ұйымдастырмақ. Іс-шараға қатысушылар саптық, музыкалық байқауларда, АК-74-ті бөлшектеу мен жинау, пневматикалық қарудан ату, әскери киімді жылдамдыққа кию сияқты жарыстарда күш сынасады.
«Біз өз жобамызды «Qalqan» деп атадық. Осы жоба арқылы біз жастарды Отанымызды қорғауға, қоғамдағы әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін арттыруға, сондай-ақ өңірлік клубтардың әскери дайындығын жақсартуға шақырғымыз келеді. Лагерь аясында ұйымдастырылған іс-шаралар барысында клуб тәрбиеленушілері ардагерлермен, түрлі әскери құрылымдардың өкілдерімен кездеседі. Үшінші күні әскери-патриоттық клубтардың басшылары үшін тәжірибе және пікір алмасу алаңдары ұйымдастырылса, ал жас сарбаздар үшін арнайы семинар-тренингтер өткізіледі», – деді жоба жетекшісі Нұрасыл Бекматов.
Лагерь жұмысы шағын футболдан өтетін турнирмен, сондай-ақ «Міндет.Абырой.Ерлік» атты форуммен аяқталады.
Ал павлодарлық «Ұлттық калорит» шығармашылық үйірмесінен шыққан бастамашыл топ шағын грант аясында өңірдің шалғай ауылдарындағы тұрғындарға «Бауыржан Момышұлы» атты кинотоптаманы ашық аспан астында көрсетпек. Сондай-ақ, бастамашыл топтың подкаст түсіретін де жоспары бар.
Жамбыл облысындағы шағын грант иегерлері әскери-патриоттық клубтардың қызметіне ақпараттық қолдау көрсетсе, қостанайлық «Badawi» ҚБ жасөспірімдерді әскери өмірмен шатырлы лагерь форматында таныстыратын болады.
Әскери-патриоттық бастамаларды дамытуға бағытталған шағын гранттар шеңберінде іске асырылатын барлық жобалар жыл соңына дейін жалғасады.
Айта кетейік, «Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыру» жобасы аясында әскери бөлімдерге экскурсиялар, соғыс ардагерлерімен кездесулер, арнайы бейнероликтер дайындау, әскери-патриоттық бағыттағы байқаулар, әскери-спорттық ойындар, форумдар, оқыту курстары мен талқылау алаңдары ұйымдастырылмақ.
Жоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен жүзеге асырылуда.