Жарияланған күні: 29.05.2023
Мүгедектігі бар 20 әйел қолөнер бұйымдарын әзірлеу және әлеуметтік желілерде кәсіпкерлікті ілгерілету бойынша біліктілігін арттыру курстарынан өтеді деп, хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.
Қызылорда облысында «Ақбосаға» әйелдер қоғамдық бірлестігі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен мүгедектігі бар жұмыссыз қыз-келіншектерді қоғамға даярлауға бағытталған әлеуметтік жобаны іске асыра бастады.
Жоба аясында қоғам белсенділері өңірде тұратын мүгедектігі бар қыз-келіншектер арасында сауалнама жүргізіп, олардың мүдделерін анықтайды, көмекке мұқтаж жандарға заңгерлердің консультациялық қызметін ұйымдастырады деп күтілуде.
Сонымен қатар, жоба аясында қызылордалық мүгедектігі бар әйелдер кәсіптік оқытудан өтпек. Жоба ұйымдастырушылардың айтуынша, курстардың бағдарламасы нарықтағы сұранысқа сай.
«Кәсіптік оқытумен 20 адамды қамтымақпыз. Курстың бағытын тыңдаушылар өздері таңдайды. Біз оқытуды екі бағыт бойынша жүргізуді жоспарлап отырмыз. Курстардың бірінде тыңдаушыларды киізден жаңа технологиялардың негізінде кәде-сыйлар жасауға үйретсек, екінші бағыттағы курста интернетте кәсіпкерлікті ілгерілету дағдылары туралы айтамыз.
Киізден жасалған бұйымдар, кәде-сыйлар біздің аймақта, әсіресе, туристер арасында сұранысқа ие. Ал СММ-менеджер, мобилограф, таргетолог сияқты мамандықтар бүгінгінің талабы», – дейді жоба жетекшісі Зейнар Тажиева.
Әр курс 288 сағаттық модульдік бағдарламадан тұрады. Дәрістер мен практикалық сабақтар онлайн және офлайн форматтарда өтетін болады. Қоғам белсенділері кәсіптік оқытудан өткен 5 адамның тұрақты еңбекпен қамтылуына жәрдемдеспек.
Айта кетейік, әлеуметтік жоба Қызылорда облысында 6 ай бойы жүзеге асырылады.