Қоғам белсенділері өмірлік қиын жағдайға тап болған жасөспірімдерге арналған жобаларды іске қосады

Жарияланған күні: 18.04.2023


Қазақстанда «Birgemiz: Sabaqtastyq» жалпыұлттық жобасын іске асыру жалғасуда. Әлеуметтік жоба еріктілердің балалар үйлеріндегі жасөспірімдер мен жастарға, халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында тұратын өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға қатысты тәлімгерлік тәжірибесін енгізуге бағытталған.

«QOLDAU» білім беру ұйымдарының қамқоршылық кеңесі» қоғамдық бірлестігі «Birgemiz: Sabaqtastyq» жобасы аясында шағын гранттарды ұсыну жөніндегі конкурсты өткізді. Еліміздің барлық өңірлеріндегі бастамашыл топтардан барлығы 81 өтінім қабылданды.
«Біз мөлшері 300 мың теңгені құрайтын 30 шағын грантты ойнаттық. Жалпы, жобалар әртүрлі. Қуантатыны, өткен жылмен салыстырғанда биыл мемлекеттік тілде берілген өтінімдер саны көбірек болды.

SMM, мобилография, шығармашылық бағыты бойынша көптеген өтінімдер келіп түсті. Жалпы, жобалар әртүрлі бағытты қамтиды. Комиссия тәлімгерлік практикасын одан әрі дамыту мақсатында жобалардың тұрақтылығына ерекше назар аударды», – дейді қоғамдық бірлестіктің басшысы Фарида Сағындық.
Осылайша, шағын гранттар конкурсының қорытындысы бойынша еліміздің әр түкпір-түкпірінде бастамашыл топтар: футбол ойнайтын отбасы, өмірлік қиын жағдайдағы жасөспірімдерге арналған стилистика және этика сабақтары, жастарға кәсіптік бағдар беру, шаштараз өнерін оқыту сияқты жобалар іске қосылады.

Еске салайық, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Birgemiz: Sabaqtastyq» жалпыұлттық жобасы 2024 жылдың соңында аяқталады. Жоба операторы – Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы.