Қоғам белсенділері мен Қаржылық мониторинг агенттігі Интернет-алаяқтықпен бірлесе күреспек

Жарияланған күні: 06.11.2023


Меморандумның мақсаты – жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру, интернеттегі алаяқтық жағдайларының алдын алу, интернет-алаяқтыққа қарсы күресте жастар мен мемлекеттік органдарды, банк секторын жұмылдыру.
«Осындай меморандумның бекітілуі халықтың қаржы пирамидасы мәселесін түпкілікті жоймасақ та, оның деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Тек Астананың өзінде жыл басынан бері 5 мыңнан астам адам қаржы пирамидаларының құрбаны атанды.
Жастармен, «Alayaq.net» қозғалысының еріктілерімен бірлесіп, роликтер, подкасттар түсіруді, кең аудиторияға алаяқтардың құрығына түсу қаупі туралы ақпарат беруді, өз жұмысымыздың нәтижелері, қаржы пирамидасының белгілері туралы айтуды, жұмысымызға блогерлерді тартуды жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары Жаслан Аманбеков.

 

Өз кезегінде «Медицина жастары» РҚБ төрағасы Абылайхан Әбдіраш халықтың барлық санаттары үшін қаржылық сауаттылықты арттырудың маңыздылығын атап өтті.
«Біздің басты міндетіміз – кең аудиторияны қамту ғана емес, дұрыс ақпаратты жеткізу. Бұл ретте біз үшін құқық қорғау органдарының қолдауы өте маңызды. Елорданың Экономикалық тергеп-тексеру департаменті біздің еріктілерімізді, жастарымызды және қарт адамдарды оқытуға, дәріс шараларын, профилактикалық акциялар мен флешмобтарды өткізуге көмектескенін қалаймыз», – деп атап өтті Абылайхан Әбдіраш.

Ынтымақтастық шеңберінде тараптар еріктілерді даярлау жұмыстарын, халықтың, оның ішінде жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуге келісті.
Меморандум «Alayaq.net» жобасын іске асыру шеңберінде 5 жылға бекітілді.

Айта кетейік, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Медицина жастары» РҚБ алаяқтық схемалардың алдын алу және жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру жөніндегі «Alayaq.net» республикалық жастар қозғалысын ұйымдастырды. Еліміздің барлық өңірлерінде қозғалыс белсенділері сауаттылықты арттыруға бағытталған марафондар өткізіп жатыр. Бүгінге дейін марафонға 3500-ден астам адам қосылған. «Alayaq.net» сайты іске қосылды. Оның көмегімен азаматтар интернеттегі алаяқтық фактілері туралы хабарлай алады, «Alayaq.net» республикалық жастар қозғалысының мүшесі атанып, алаяқтықпен күреске өз үлесін қоса алады.

Сонымен қатар, «Сарапшы-блогерлер мектебі» құрылды.
«Alayaq.net» жобасы 2024 жылдың соңында аяқталады.