Жарияланған күні: 05.09.2023
Қазақстанда құқықтық мәселелерге, сондай-ақ тілдік және этникалық белгілері бойынша кемсітушілік жағдайларына қатысты өтініштерді өңдейтін колл-орталық жұмыс істейді, деп хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.
Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларында «Тілдік және этникалық белгілері бойынша ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлаудың кез келген нысандарына жол бермеу» атты жоба іске асырылып жатыр. «Жаңа-Ру» жастар коалициясының қауымдастығы» ЗТБ орта мерзімді жобаны іске асыру шеңберінде әртүрлі жастағы тұрғындар арасында этносаралық келісімді насихаттауға және құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған кездесулер өткізеді, конфликтологтардың қатысуымен оқыту курстарын және басқа да танымдық іс-шараларды ұйымдастырады.
Жоба жетекшісі Асхат Олжабайдың айтуынша, жоба аясында құқықтық мәселелер жөніндегі колл-орталықтың жұмысы да ұйымдастырылған. 8 708 488 59 89 немесе 8 (7262) 54-65-87 нөміріне қоңырау шалып, қазақстандықтар бірнеше маманның кеңесін ала алады.
«Осы жылдың мамыр айында байланыс орталығының жұмысын ұйымдастырдық. Жұмысымызға психологтарды, заңгерлерді және конфликтологтарды тарттық. Соңғысы азаматтарға тілдік және этникалық белгілері бойынша ар-намыс пен қадір-қасиетті кемсітудің жекелеген жағдайларына байланысты мәселелерді шешуге көмектеседі. Бүгінге дейін мұндай өтініштер әлі түскен жоқ.
Азаматтар көбіне Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі қалай атануға болатынын, «қандас» мәртебесін қалай алуға болатынын, қазақ тілін тегін қайда үйренуге болатынын білгісі келеді», – дейді Асхат Олжабай.
Кеңесті әрбір қазақстандық тегін ала алады. Байланыс орталығы күн сайын сағат 9.00-ден 19.00-ге дейін жұмыс істейді.
Жоба аяқталғанға дейін 500-ден астам өтініш өңделеді деп жоспарланған.
Айта кетейік, «Тілдік және этникалық белгілері бойынша ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлаудың кез келген нысандарына жол бермеу» жобасы 2024 жылдың соңында аяқталады.