Жарияланған күні: 27.07.2023
Жасөспірімдерге психологтар мен репродуктолог-дәрігерлердің репродуктивті денсаулық мәселелері бойынша консультациялық көмегін көрсету мақсатында Қазақстанда «Saulyq life» анонимді Telegram-бот іске қосылды деп, хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.
Бүгін Астанада ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен ««Жария халықаралық орталығы» ҚҚ жүзеге асыратын жастардың репродуктивті денсаулығын сақтау жөніндегі «Жастар денсаулығын сақтау» республикалық қозғалысы» атты әлеуметтік жоба таныстырылды. Оның мақсаты – жыныстық тәрбие мен репродуктивті денсаулық туралы жастардың хабардарлығын арттыру, заманауи ақпараттық құралдарға қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің, түсік жасатудың, жастар мен жыныстық жетілу жасындағы балалар арасында жыныстық жолмен берілетін аурулардың санын азайту.
Жоба жетекшісі Қанат Мырхайдаровтың айтуынша, бүгінгі таңда жоба аясында ел өңірлерінде «теңбе-тең» қағидаты бойынша ауылдық жерлердегі жастармен жұмыс істеу бағытында жастардың репродуктивті денсаулығын сақтау жөніндегі «Жастар денсаулығын сақтау» республикалық қозғалысының көшбасшыларын даярлау шаралары кеңінен жүргізіліп жатыр.
«Әр айда біз жеке өңірге көңіл бөлеміз. Әр өңірдің еріктілері үшін біз арнайы оқыту дайындадық. Әр облыста үздік нәтиже көрсеткен жастардың кемінде 50 өкілін таңдап, оларды репродуктивті денсаулық бойынша тереңдетілген оқытуға жібереміз. Осылайша, біз құрдастар арасында «теңбе-тең» қағидатын сақтай отырып, қозғалыс көшбасшылары мен жоба үйлестірушілерін дайындағымыз келеді.
Астана қаласы мен Қызылорда облысында 100-ден астам ерікті оқудан өтті. Олар өз кезегінде жыл сайын өз облыстарында репродуктивті денсаулық мәселелері бойынша басқа жастарды оқытатын болады», – дейді Қанат Мырхайдаров.
Сонымен қатар, жоба аясында қоғам белсенділері «Репродуктивті денсаулық мәселелері жөніндегі медиа-мектеп» құрып, анонимді Telegram-бот әзірледі.
«Saulyq life» анонимді Telegram-боты психолог пен медицина мамандарының қолдауымен жастарға тегін кеңес беру үшін іске қосылды. Сұрақтар 24/7 режимінде қабылданады. Өтінімдерге біз бір тәулік ішінде жауап беруге тырысамыз. Бот көптеген өңірлерде МСАК, жастар денсаулық орталықтары және басқа да әлеуметтік қызметтер жанында бар сенім кабинеттеріне бағыттау мүмкіндігіне де ие. Бұл ретте біз әлбетте өтініш берушінің тілегін ескереміз. Мамыр айынан бастап біз түрлі мәселелер бойынша жастардың 24 өтінішін өңдедік», – деді жоба жетекшісі.
Бұдан бөлек, қоғам белсенділері адамның репродуктивті денсаулығы туралы материалдар үнемі ұсынылып тұратын saulyq-life.kz оқыту платформасын әзірлеу үстінде.
Айта кетейік, жастардың репродуктивті денсаулығын сақтау жөніндегі «Жастар денсаулығын сақтау» республикалық қозғалысы» жобасы осы жылдың мамыр айында басталып, 2025 жылдың соңында аяқталады.
«Жастар денсаулығын сақтау» қозғалысы көшбасшыларының жыл сайынғы жұмысының қорытындысы бойынша Астанада республикалық форум өтеді.