Қазақстандық әйелдер ерлермен тең құқыққа ие

Жарияланған күні: 22.11.2021


Гендерлік қажеттілікке этникалық құрамның, аймақтың ықпалын зерттеу жұмысын жүргізген мамандар осындай тұжырымға келіп отыр.

Бүгін де Қазақстанда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің гранттық қаржыландыруы шеңберінде «Жергілікті бірлестіктерді тұрақты түрде дамыту» қоғамдық қорымен «Гендерлік мұқтаждықтар мен қажеттіліктер картасы: этникалық құрамның, аймақтың және санаттың ықпалы» тақырыбында зерттеу жүргізілді.
Зерттеудің мақсаты – қазақстандық әйелдердің гендерлік мұқтаждықтары мен қажеттіліктері саласындағы қазіргі ахуалды, проблемаларды және даму келешегін сипаттау. Алынған мәліметтер негізінде гендерлік мәселелерді шешу бойынша ұсынымдар әзірленеді. Жобамен жұмыс нәтижелері республикадағы әйелдердің қажеттілігін толыққанды көруге мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, зерттеу барысында гендерлік теңдік мәселелері бойынша сарапшылармен 20 тереңдетілген сұхбат жүргізілді.

«Зерттеуге 21 949 адам немесе Қазақстан Республикасы халқының 0,11 % қатысты. Олардың ішінде 21 927 – әйелдер немесе ҚР-дағы әйел халқының 0,24 %. Аталған таңдау едәуір үлкен. Бұл зерттеудің тереңдігі есебінен нәтиженің нақтылығын күшейтеді. Зерттеу бойынша іс-шаралардың барлығы 2021 жылдың тамызы мен қазан айының ортасы аралығында іске асырылады.

Зерттеу қорытындылары жалпы Қазақстандағы әйелдер ерлермен қатаң тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие екенін көрсетті, алайда олардың жоспарының іске асырылуына көп жағдайда отбасы мен туған-туыстары кедергі келтіреді. Әйелдердің 29%-на өмірлік кәсіби өсіміне отбасы мен туған-туыстары, 26%-на жемқорлық, 23%-на салт-дәстүрлер кедергі келтіреді», – делінген «Жергілікті бірлестіктерді тұрақты түрде дамыту» ҚҚ хабарламасында.

Қоғамдық қордың директоры Елена Кеңесованың айтуынша, қазақстандық әйелдер өз құқықтары жайлы жақсы хабардар, саясатқа араласуға ниетті, алайда әйелдердің көшбасшылығы әйелдердің өздері үшін оқыту базасын құруды, табысты әйелдерді үлгі ете отырып, қоғам тарапынан қолдауды, тұрмыстық проблемаларды реттеуді талап етеді.
«Қорытындылай келе осыдан 20 жыл бұрынғы уақыт пен қазіргі кезеңді салыстыра отырып, әйелдердің үні көпшілікке жете бастағанын, әйелдердің құқығы қорғалатынын, алайда түсіндіру жұмыстары жеткілікті деңгейде жүргізілмейтін өңірлер барын, ал әйелдер мемлекет тарапынан қандай қолдау тетіктері кепілдендірілгенін, құқықтары бұзылса кімге жүгінуі керектігін білмейтінін, нәзік жандылар заңмен әлсіз қорғалғанын атап өтуге болады. Сонымен бірге отбасында зорлық-зомбылық проблемалары да бар. Тиісінше, экономикалық тәуелділік, қаржының және өз баспанасының жоқтығы мәселесі тағы бар.

Мұндай зерттеулерді ары қарай да жүргізіп, талдап, қоғамдық өмір тәжірибесіне енгізуге болатын қызықты шешімдердің, ұсынымдардың көбін пайдалануға болады. Біз жоба қатысушылары ретінде гендерлік қажеттіліктердің интерактивті картасын әзірледік, гендерлік мәселелерді зерттеуге қатысты нақты саясат ұстандық. Гендерлік мұқтаждықтар мен қажеттіліктердің әзірленген онлайн картасын үнемі қолдау, жаңарту және функционал мен интерактивті опцияларды дамыту қажет» – деп өз ойын бөліседі Елена Кеңесова.