Қазақстанда «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасының қорытындысы шығарылды

Жарияланған күні: 03.12.2021


Бүгін Павлодарда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның қатысуымен «Қайырымды істер марафонының» қорытындысына және «Ең мейірімді» байқауының жеңімпаздарын, қайырымдылық саласындағы жыл сайынғы «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттарын марапаттауға арналған салтанатты іс-шара өтті.
Кездесу түрлі қоғамдық мүдделер өкілдері арасындағы ашық диалог алаңына айналды. Оған Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Парламент депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, өңірлік және республикалық ҮЕҰ, халықаралық ұйымдардың, сарапшылар қауымдастығы мен БАҚ өкілдері қатысты.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген Аида Балаева жанашырлық танытқан мыңдаған азаматтар мен ұйымдардың арқасында жоба шынымен жалпыұлттық сипатқа ие болғандығын тілге тиек етті. Ол сондай-ақ Мемлекет басшысының бастамаларын қолдаған еліміздің ең белсенді өңірлерін атады.

«Қайырымды істер марафонына бастамашылық таныта отырып, Мемлекет басшысы қазақстандықтарға бірлесіп, қоғамдастық құруды ұсынды. Идеяның астарында жомарттық, мейірімділік қағидаттары және адамдардың өмірін жақсы жаққа өзгертуге деген қарапайым адами тілек сияқты негізгі құндылықтар жатыр.
Бұл мақсатымызға бәріміз жұмыла қол жеткіздік. Елдіміздің түкпір-түкпіріндегі жақынының жағдайына бей-жай қарамайтын мыңдаған азаматтар мен ұйымдар жобаға қатысып, оған шын мәнінде жалпыұлттық сипат берді. Марафонға 1 200 ҮЕҰ мен волонтерлік ұйым, 300-ден астам білім беру ұйымы, 360 ұжым мен кәсіподақ қатысты. Ұжымдар мен коммерциялық ұйымдардың қайырымдылық мақсаттарға жұмсаған қаражаттың жалпы сомасы 6,2 млрд теңгеден асады.
Президент бастамасын қолдау ісінде ерекшеленіп, өзгелерге үлгі болған өңірлерді ерекше атап өткім келеді. Барлық көрсеткіштер үздік деп танылғандар аймақтардың қатарында Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ақмола облыстары бар», – деді министр.

Аида Балаева атап өтуінше, мемлекет тарапынан волонтерлік пен қайырымдылықты қолдау шаралары жалғасын таппақ. Ағымдағы жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Волонтерлікті қолдау жөніндегі жол картасын іске асыруды қолға алған.
Қайырымдылық қызметті дамыту бағытындағы шаралар да нәтижелі болды. Осылайша, Президенттің тапсырмасы бойынша волонтерлік пен қайырымдылықты дамыту мәселелері жөнінде заңнамаға түзетулер пакеті әзірленді. Қазіргі уақытта ол Мәжілістің қарауында жатыр.
Өткен жылы жоспарланғандай, ҮЕҰ-ны одан әрі институттандыру аясындағы жұмыс жандандырылды. Мәселен, тек «ҮЕҰ академиясы» базасында биыл 800 ҮЕҰ-ның өкілдері өздерінің біліктілігін арттырды.
Сондай-ақ, марафонның жабылуында «Ең мейірімді…» байқауының қорытындылары белгілі болды. Оған «Қайырымды істер марафоны» жобасы аясында қайырымдылық және волонтерлік қызметке тартылған кәмелетке толған қазақстандықтар қатысқан болатын.
Байқаудың қорытындыларына сәйкес «Ең мейірімді өңір», «Ең мейірімді бизнес», «Ең мейірімді ауыл», «Ең мейірімді ұжым», «Ең мейірімді аула», «Ең мейірімді ЖОО», «Ең мейірімді мектеп», «Қоршаған ортаға ең мейірімді», «Ең мейірімді редакция» және «Ең мейірімді ерікті» аталымдарында озық шыққан 30 жеңімпаз анықталды.
Мәселен, конкурстық комиссияның шешімімен «Ең мейірімді өңір» атағына Павлодар облысы лайық деп танылды. Облыс әкіміне жүлдені ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі аида Балаева табыстады.
Сондай-ақ, шара барысында «Жомарт жүрек» қайырымдылық сыйлығының лауреаттары да марапатталды.
Оны Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тағайындады. Сыйлық – өңірлерді дамытуға, қамқорлық құндылықтары мен қайырымдылық идеяларын ілгерілетуге белсенді қатысатын, мұқтаж жандарға көмек көрсетуге дайын азаматтарды мемлекеттік деңгейде атап өтуге мүмкіндік беретін бірегей алаң.
2021 жылы 14 өңір мен республикалық маңызы бар 3 қаладан сыйлыққа 100 өтінім келіп түсті. Комиссияның шешімімен «Жыл тұлғасы», «Жыл меценаты», «Туған өлке», «Жылдың үздік ұйымы», «Жылдың үздік қамқоршысы» сияқты 5 номинация бойынша 51 жеңімпаз анықталды.

Іс-шара соңында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның лауреттермен бейресми кездесуі өтті.
Шараны ұйымдастырушы – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.
Іс-шараны өткізу кезінде барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына ерекше назар аударылғанын атап өту қажет. Шараға қатысушыларға ПТР тестін тапсыру міндеті қойылды. Кездесулер өткізілетін орындарда санитайзерлер орнатылып, байланыссыз термометрия және Ashyq арқылы кіру ұйымдастырылды. Барлық қатысушылар медициналық маскалармен қамтамасыз етілді.
Іс-шараны мына сілтеме арқылы өтіп, тамашалауға болады: https://www.facebook.com/aqparatqogam/videos/356456826248522