Жарияланған күні: 15.09.2021
«Barine Bilim» деп аталатын жаңа әлеуметтік жобаның мақсаты – шағын гранттар жобасын іске асыру арқылы оқушылардың және жаһандық азаматтықтың жан-жақты дамуы үшін жалпы білім беретін оқу орындарында жағдай жасау, мұғалімдерге қолдау көрсету.
«National Teacher Prize Kazakhstan – «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығы» қайырымдылық жобасын іске асыру аясында «Barine Bilim жобасы» тақырыбындағы ҮЕҰ арасында мемлекеттік емес грантты ұсыну жөніндегі конкурстық комиссия алдағы уақытта педагогикалық бастамаларды ілгерілету, қолдау және көтермелеу, білім беру саласына инвестициялар тарту мәселелерімен айналысатын жеңімпазды анықтады. Конкурстың жеңімпазы болып «Natural Energy» қоғамдық қоры танылды. Ұйымның басқарма төрағасы Есенжол Жоламанов команданың мұндай конкурста алғаш рет жеңіске жетіп, грант иегері атанғандығын айтады.
«Біздің қордың ашылғанына үш жыл болды. Бүгінге дейін біз барлық жобаларымызды өз қаражатымызға өз бастамаларымыздың негізінде іске асырып келдік.
Біздің жастармен жұмыс істеуде тәжірибеміз бар. Бұған дейінгі жобаларымыз жастардың кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға бағытталған болатын. Конкурстық комиссияның шешіміне әсер еткен ең маңызды аспект осы болды деп ойлаймын. Иә, бұл біздің алғашқы грантымыз болғандықтан, жеңіске қол жеткізгіміз келді. Бақытымызға орай, тілегіміз орындалды. Біз өзімізге кезекті ретте қолымыздан бірдеңе келетінін дәлелдедік. Бұл өте жауапты жоба, сондықтан біз сапаға көп көңіл бөлеміз. Оның өскелең ұрпақтың болашағына берері мол. Біз сияқты жас ұйымның елдегі білім беру саласын дамытуға өз үлесін қоса алатынымыз өте жақсы», – дейді Есенжол Жоламанов.
«Barine Bilim» жобасы грант алушының алдына үлкен міндеттерді қойып отыр. Жаңа жобаны іске асыру шеңберінде грант иегеріне шалғай және ауылдық жерлердегі қаржыландырылуы төмен 30 мектепте білім беру процесін және сыныптан тыс қызметті жақсарту үшін тиісті жағдай жасау қажет. «Natural Energy» қоғамдық қоры оқушылардың әлеуетін, педагогикалық бастамаларды жүзеге асыратын алаңға айналуы тиіс.
Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қорының төрағасы, сондай-ақ конкурс комиссиясының мүшесі Ермек Мажитовтың айтуынша, жобаны іске асырудың ең басты нәтижесі оны орындау сапасы болмақ.
«Біз жобаның сапалы орындалуына және гранттық қаражаттың мақсатты пайдаланылуына басымдық береміз. Орындаушының алдында әлеуметтік жобаны іске асыру бөлігінде іріктелген мектептермен бірлесіп жұмыс істеу, сондай-ақ алынған нәтижелерді ақпараттық сүйемелдеу арқылы педагогикалық қоғамдастыққа қолдау көрсету міндеті тұр. Алда мектептермен кері байланыс орнату, талдау жүргізу және ауылдық мектептердегі проблемаларды анықтау сияқты орасан зор жұмыс бар.
Жеңімпазды анықтау барысында біз үкіметтік емес ұйымдардың жалпы әлеуетіне, мамандардың біліктілігіне және өтініш берушілер бағдарламасының мазмұнына назар аудардық», – деді ол.
«Barine Bilim» жобасының операторы – Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы. Жоба еліміздің барлық өңірлері, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларын қамтымақ. Ол 2021 жылдың соңына дейін жүзеге асырылады.
«Barine Bilim» жобасы – орталық тарихында алғаш рет корпоративтік секторды тарта отырып жүзеге асырылып жатқан жоба. Оған «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен «Қоғамдық маңызы бар бастамалар қоры» ЖҚ тапсырыс берген болатын.