Қазақстан бойынша «Қайырымды істер марафонының» 1500 іс-шарасы өтті

Жарияланған күні: 16.03.2021


Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасын өткізу туралы» тақырыбында ҚР АҚДМ Азаматтық істер комитеті төрағасы Мадияр Қожахмет пен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» басқармасының төрағасы Лима Диастың қатысуымен брифинг өтті.
Спикерлер ағымдағы жылдың 10 ақпанынан бастап бүгінгі күнге дейін 1522 іс-шара ұйымдастырылып, өткізілгенін айтты. «Қайырымды істер марафоны» шаралары Қазақстанның барлық 17 аймағын қамтыды. Бүгінгі таңда «Қайырымды істер марафонын» 60-тан астам үкіметтік емес ұйымдар, шағын және орта бизнес өкілдері, жеке және квазимемлекеттік компаниялар, университеттер мен колледждер, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар қолдады. Марафонның қатысушылары мен еріктілері зейнеткерлерге және қарттарға қар тазартуға көмектесті, азық-түлік жеткізді, базарлар мен сауда орталықтарында медициналық маскалар таратты және адамдарға пайдалы басқа да шараларды ұйымдастырды.
Брифинг барысында 18 наурызда «Қайырымды істер марафоны» аясында және Наурыз мерекесіне орай «Қайырымдылық күні» акциясын өткізу жоспарланып отырғандығы, сонымен бірге 15 мен 21 наурыз аралығында экологиялық іс-шаралар апталығы өткізілетіндігі жөнінде хабарланды. Сонымен қатар сәуір айынан бастап «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» негізінде ҮЕҰ мен еріктілер ұйымдары үшін «Қайырымдылық сабақтары» атты ақысыз тренингтер сериясы басталады.
Іс-шара барысында Лима Диас: «Қайырымды істер марафоны мемлекет, бизнес және еріктілердің өзара көмек, ынтымақтастық, серіктестігінің нақты құрылымына негізделген. Біз қайырымды істердің жасы мен әлеуметтік жағдайына қарамастан Қазақстанның әр азаматының өміріне енгенін қалаймыз», – деді спикер.
«Марафонға мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар, бизнес өкілдері, университеттер мен мектептер қосылды. Сондай-ақ, біз азаматтық қоғам институттарының жергілікті жерлерде бастамашылық танытып, жалпыхалықтық қайырымды істерге өз үлестерін қосып жатқанын көріп отырмыз», – деді Мадияр Қожахмет.
Естеріңізге сала кетейік, «Қайырымды істер марафоны» ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өтіп отыр.