«Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы қарқынын үдете бастады. Күн сайын еліміздің барлық өңірлерінде мыңдаған қазақстандықтар қайырымды істер жасап, оларды әлеуметтік желілерде бөлісіп, «Жақсылық жұқпалы» деген даналықты ұран етуде. «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасының қатысушылары қайырымды істер үлкен немесе кішкене деп бөлінбейтінін айтады. Марафонға қосылғыңыз келеді дейік, бірақ неден бастарыңызды білмейсіз. Марафон белсенділері сізге оны да айтуға дайын. «Волонтерлік – бұл жанның қалауы» дейді марафонға қатысушылар, – деп хабарлайды Деловой Казақстан.
Өткен аптада марафон аясында өмірдің көптеген салаларын қамтыған 600-ден астам іс-шара өтті. Мысалы, ең белсенді аймақтардың бірі – Павлодар облысында «Сен жалғыз емессің» қоғамдық қорының еріктілері «Павлодар облысының хосписіне» 900 000 теңгенің материалдық көмегін көрсетті. Жергілікті АХАТ бөлімінің қызметкерлері «Сәбилер үйінің» балаларына көмектессе, Павлодар қаласының Әлия есімді тұрғыны үй-күйсіз жануарларға азық сатып алып, олардың екпесіне ақша аударды. Сондай-ақ, Павлодарда әлеуметтік фронт-офис іске қосылды. Онда әрбір адам әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша тегін кеңестер алады. Ал Ақсу қаласында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған садақ ату үйірмесі ашылды.
Павлодар облыстық «Жасыл Ел» штабының командирі Русана Самекова қайырымды істерді жария ету керек деп санайды. Өйткені бұл – ең алдымен, өскелең ұрпаққа өнеге.
«Әрине, біреудің өмірін түбегейлі өзгерту қиын. Бірақ оны дұрыс жаққа бағыттауға болады. Біз әрқашан өз жұмысымызды әлеуметтік желілерде жариялаймыз. Бәлкім көрген адамдардың бірі қатарымызға қосылып, көмектескісі келетін шығар. «Жақсылық жұқпалы дейді емес пе», – дейді Русана.
Көптеген жылдар бойы «Жасыл Ел» қолдауға мұқтаж жандарға көмектесіп, қоршаған ортаны қорғауға күш салып келеді. Биыл өздерінің он жетінші еңбек маусымын қайырымды істер марафонымен ашып отыр.
«Біздің еріктілер жалғызілікті қарт адамдардың ауласын қар мен мұздан тазартуға, үй тазалауға көмектеседі. Қарттар алғысын айтып, батасын береді. Бұл біздің жігіттерді одан да жақсы істер жасауға шабыттандырады», – деді ол.
Көкшетау қаласындағы «Мейірімді жүрек Lider.kz» қоғамдық қорының басшысы Ирина Катухованың айтуынша, өзі де бала кезінде мұқтаждықты көп көрген.
«Мен адамдарға көмектесе бастаған себебім, бала кезімде үйімізде ішерге ас таппай қалатын кездер болатын. Ол кезде мұндай ұйымдар болған жоқ. Сондықтан мен адамдарға жылу мен сүйіспеншілік сыйлайтын топ құруды ұйғардым. Бізге қарапайым адамдар көп көмектеседі. Еріктілік – бұл болмыс. Үлкен жүректі және мейірімді адам ғана ерікті бола алады. Өйткені ол үшін бізге жалақы да, сыйақы да төленбейді», – дейді топ жетекшісі.
Әр апта сайын қоғамдық қордың еріктілері тұрғылықты баспанасы жоқ адамдарға ыстық тамақ таратады. Мұқтаж адамдарға киім-кешек жинайтын қойманың жұмысына көмектеседі. Сондай-ақ, олар жалғызбасты зейнеткерлерге көмек көрсететін желіні іске қосты.
Қор басшысы қайырымдылық үлкен немесе кішкене істер деп бөлінбейтінін, шын жүректен істелген кез келген қайырымдылық маңызды екенін айтады.
«Ең бастысы, қайырымдылық шын жүректен шықса болды. Бүгін бастасаңыз да болады, бір әжеге нан сатып әкеліп беріп, қоқысын шығаруға көмектесіңіз. Маңайыңызға үлгі көрсете біліңіз. Бір-бірімізді сәл де болса бақытты ету өз қолымызда екенін елдің есіне салыңыз» – дейді Ирина Катухова.
Жамбыл облысында «Ахыска» түрік этномәдени орталығының қызметкерлері 2,5 миллион теңге жинап, Тараз мешітіне медициналық маска, антисептик пен парацетамол апарып берді. Ал Қызылорда өңірінде Шиелі ауданы әкімдігінің бастамасымен, «Gezhuba Shieli Cement Company» ЖШС қолдауымен әлеуметтік қолдауға мұқтаж 60-қа жуық отбасы 900 000 теңге көлемінде азық-түлік көмегін алды. Атырау облысында марафонға қатардағы азаматтар да үлес қосып жатыр. Сарайшық ауданында Махамбет ауылының белсенділері өз есебінен 3 балалар алаңын орнатты.
Қызылорда облысының «Волонтерлар фронт офисінің» басшысы Болатбек Айтбенбетов Қазақстанда волонтерлық қозғалыс, әсіресе, жастар арасында белсенді дамып келе жатқанын айтады.
«Биыл біздің қатарымызды өткен жылы өзіміз көмек көрсеткен балалардың толықтыратыны қатты қуантады. Қазір елімізде эпидемиологиялық ахуал қиын. Сондықтан мен мұқтаж адамдарға қолдау көрсету – біздің міндетіміз деп санаймын», – дейді ол.
Батыс Қазақстан облысында өткен аптада «Қайырымды істер марафонына» екі мыңнан астам адам қатысты. Жұдырықтай жұмыла білген қайырымды жандар 600 адамға көмек көрсетті.
Мәселен, Жаңақала ауданындағы Жаңақала ауылының тұрғыны Саламат Сертеков Қырқопа ауылындағы 30 отбасыға азық-түлік апарып берді. Жәнібек ауданының Жақсыбай ауылында аудандық мәслихат депутаты Қуаныш Ермеков бір отбасына үй, екіншісіне жиһаз сыйлады.
Ал Ақсай қаласында Бөрлі ауданының жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының жетекшісі Руслан Азаматов лотерея ұйымдастырып, тұрғындар мен жергілікті кәсіпкерлерден Эмирді емдеуге 1 900 000 теңге жинап берді. Қазір баланың жағдайы бірқалыпты. Отбасымен бірге Ресейде ине салғызып қайту үшін сапарға дайындалып жатыр.
«Менің ойымша, өзгеге көмек қолын созған әр адам автоматты түрде еріктіге айналады. Әрине, мен өз іс-әрекетімді жарнамалағым келмейді. Бірақ бұл басқалардың бізге қосылуы үшін қажет. Әлемде жақсы адамдар бар деген үміттің үзілмеуі үшін басқаларға бақыт сыйлауымыз керек. Мүмкін біздің бүгінгі қолдауымыз болашақта өзгелердің де мұқтаж адамдарға көмектесуіне түрткі болатын шығар», – дейді Руслан Азаматов.
Еске сала кетейік, «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы биыл ақпан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында басталған болатын. Жобаның ең маңызды міндеттерінің бірі – қайырымды азаматтар мен ұйымдарды біріктіру және болашақта қоғам мен адамдардың өмірін дұрыс жағына өзгертуге мүмкіндік беретін жомарттық пен мейірімділік идеясына негізделген қоғамды бірлесіп құру. Марафонға кез келген адам қатыса алады. Ол үшін жасаған қайырымды істерін әлеуметтік желіде #ҚАЙЫРЫМДЫІСТЕРМАРАФОНЫ #МАРАФОНДОБРЫХДЕЛ ресми хэштегтермен бөлісуі керек.