Павлодарда «Жерді құтқарайық» инклюзивті спектаклі өтті

Жарияланған күні: 03.06.2022


Қойылым мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларды әлеуметтік және психологиялық қолдау жобасы аясында сахналанды, деп хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.

«Триумф» инклюзивті театрының қойылымына мүмкіндігі шектеулі балалар, олардың ата-аналары, «Самал» оңалту орталығының мамандары мен еріктілер қатысты.

«Біз – «Самал» орталығының педагогтары мен тәрбиеленушілері актерлік шеберлігімізді ғана емес, бір-бірімізді тең дәрежеде қабылдай білу қабілетімізді ұштаймыз. Инклюзивтік спектакльдеріміз арқылы біз қоғамның мүмкіндігі шектеулі адамдарға қатысты менталитетін өзгертеміз. Біздің тәрбиеленушілеріміздің мүмкіндіктері шексіз. Театр-оларды қоғамға қосудың сәтті тәсілдерінің бірі», – дейді жоба менеджері, «Триумф» инклюзивті театрының жетекшісі Нина Москаленко.

Спектакль мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларды қолдауға бағытталған қызметтің салтанатты ашылуына орай көрермендер назарына ұсынылды.

«Біздің театр – бірегей театр. Биыл біз «Жерді құтқарайық» экологиялық-бітімгерлік инклюзивті спектаклін қоюмен айналысып жатырмыз. Біз серіктестеріміз – Мұзафар Әлімбаев атындағы орта мектептің оқушылары мен мұғалімдерімен бірден тіл табысып кеттік. Белгілі жазушының артынан қалған ұрпағы театрымыздың жұмысына белсене қатысады. Спектакльдің сценарийін жазушының немересі Ая Әлімбаева жазды», – деп атап өтті Нина Москаленко.

 

Театр жетекшісінің айтуынша, басты актерлер- мүмкіндігі шектеулі балалар ауруларға қатысты қалыптасқан стереотиптерді жоққа шығарады. Өйткенні орталыққа келетін әр баланың өз таланты бар.Біреу өлең жазады, бірі ағылшын тілін жақсы меңгерген, енді біреулер спортпен немесе вокалмен айналысады.

Спектакльге дайындық жаңа оқу жылы басталғанға дейін жүргізіледі.