Жарияланған күні: 20.06.2024
12 грант алушының кездесуі өтіп, онда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі бөлген мемлекеттік гранттарды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Орталықтың төрағасы Лима Диас үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік гранттар бөлу бойынша қолдау көрсеткені үшін ҚР Сыртқы істер министрлігіне ризашылығын білдірді.
«ҚР СІМ уәкілетті мемлекеттік орган – Мәдениет және ақпарат министрлігін қоспағанда, үкіметтік емес ұйымдар үшін гранттық жобаларды жүзеге асыруға бюджет қаражатын бөлген орталық мемлекеттік органдардың алғашқысы болды. Сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік гранттарының арқасында ҮЕҰ қазақстандық сарапшылардың халықаралық аренадағы ұстанымын айтарлықтай нығайта алатынына сенімдімін. Гранттар азаматтық белсенділерге халықаралық конференцияларға, жобалар мен зерттеулерге белсенді қатысуға мүмкіндік береді. Бұл кәсіби білімді кеңейтуге ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның әлемдік ғылыми және сараптамалық саладағы беделін нығайтуға ықпал етеді», – деп атап өтті Лима Диас.
Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Алуа Надирқұлова биыл ҚР СІМ-нің тұңғыш рет үкіметтік емес ұйымдарға арналған 17 гранттық жобаны жүзеге асырып жатқанын атап өтті.
«Өткен жылы еліміздегі реформалардың бағытын айқындаған Мемлекет басшысының Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы Жарлығы шықты. Бұл жобаларды сәтті жүзеге асыру үшін біз азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдардың күш-жігерін бір мақсатта шоғырландырдық. Байқау жеңімпаздарын құттықтаймын, жобаларды жүзеге асыруда табыс тілеймін!», – деді Алуа Надирқұлова.
Өз кезегінде грант алушылар жобаларды нәтижелі жүзеге асыруға және қойылған мақсаттарға қол жеткізуге дайын екендіктерін жеткізді.