Жарияланған күні: 15.08.2022
«Көршілер» атты халықаралық білім беру лагері ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жоба аясында жұмыс істеді.
Халықаралық Жастар күні қарсаңында Оралда «Көршілер» атты білім беру лагеріне ресейлік, өзбекстандық және қазақстандық 60-тан астам жас мәдениет қызметкерлерінің, кәсіпкерлердің, бизнес, жоғары оқу орындарының студенттік өзін-өзі басқару құрылымдары өкілдерінің, жастар саясаты саласындағы сарапшылардың, блогерлердің, жастар ұйымдары көшбасшылары мен белсенділерінің басын қосты. Іс-шара ұйымдастырушысы – Батыс Қазақстан облысы «Болашақ» корпоративтік қоры.
«Екі күндік іс-шара аясында делегаттар «Шабыт» шығармашылық орталығына барып, қаланың көрікті жерлеріне қатысты тарихи квестке, Жайық өзені бойынша су трипіне қатысты, Folk Camp аясында қала әкімі Миржан Сатқановпен кездесті. Сондай-ақ, Asar-ume қайырымдылық қорының негізін қалаған Асхат Нұрмашев шарамызың құрметті қонағы атанды», – дейді БҚО «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Салтанат Тұманбаева.
Сонымен қатар, лагерь қатысушылары үшін «Sustainable life: жастарға экологиялық тәрбие беру», «Коммуникациялар және медиа: жас журналистер мектебі», «Жастар уақыты» бизнес идеялар банкі» бағыттары бойынша білім беру алаңдары, үздік мақаланы анықтауға бағытталған конкурс ұйымдастырылды.
Лагерь жұмысының қорытындысы бойынша тараптар қатысушы елдер жастарының ынтымақтастығын күшейту, бірлескен іс-шараларды өткізу, сондай-ақ тиімді тәжірибе алмасу және жастардың құзыреттілігін арттыру мақсатында қысқы білім беру лагерін ұйымдастыру жөніндегі ұсыныстарды талқылады.
Іс-шара соңында қатысушылар ұйымдастырушылар атынан алғыс хаттармен марапатталды.