Мемлекет мүгедек азаматтарды әлеуметтендіру және жұмысқа орналастыру жөніндегі бастамаларды жүзеге асыруға 20 миллион теңге бөледі

Жарияланған күні: 18.07.2024


Қазақстанның үш өңірінде «Азаматтық қоғам күштерімен Қазақстанда ЛсИ әлеуметтендіру және жұмысқа орналастыру жөніндегі шараларды жүзеге асыру» жобасы бастау алды. Мемлекеттік грант аясындағы бұл жобаны «Қорған-М» қоғамдық бірлестігі Бірыңғай грант операторының қолдауымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша жүзеге асырады.

Түркістан мен Қарағанды облыстарында және Шымкент қаласында жүзеге асырылатын бұл бастама жергілікті ҮЕҰ-дың көмегімен әлеуметтік және еңбек интеграциясы жөніндегі іс-шаралар кешенін жүзеге асыру арқылы мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Аталмыш жоба аясында 15 шілдеде үкіметтік емес ұйымдар мен бастамашыл топтар үшін шағын гранттар байқауына қатысуға өтінімдерді қабылдау басталды. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басқарма төрағасы Лима Диастың айтуынша, бұл шағын гранттар ең алдымен мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтендіру мен жұмысқа орналастыруға, сондай-ақ оларды қоғамдық өмірге тартуға байланысты өзекті мәселелерді шешуге бағытталған.

Үміткерлер жобалық өтінімдерді дайындау кезінде мүгедектерді кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, менторлық сүйемелдеу және бизнес-коучинг, кедергісіз ортаны құру, цифрлық сауаттылықты оқыту сияқты негізгі бағыттарды басшылыққа ала алады.

«Ағымдағы жылы байқау аясында үш өңірде 20 шағын грант беру жоспарлануда. Атап айтқанда, 10 шағын грант Түркістан облысының, 5 шағын грант Қарағанды облысының және тағы 5 шағын грант Шымкент қаласының еншісінде. Алдағы жылы да шағын гранттарды жүзеге асыруды жалғастыратын боламыз», – дейді «Қорған-М» ҚБ басшысы Диана Қырғызбаева.

Мамандардың айтуынша, жобаларды жүзеге асыру мерзімі екі айдан төрт айға дейін жалғасады.

Байқауға қатысу рәсімімен толығырақ танысу үшін https://t.me/inkluzivtik_bastamalar_bot тelegram-бот арқылы жобаның Ережесін жүктеу қажет.