Лима Диас: Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы украиналық ҮЕҰ-мен тәжірибе алмасуға дайын

Жарияланған күні: 15.12.2021


Киевте халықаралық сарапшылардың, саясаткерлердің, қоғам қайраткерлерінің қатысуымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшілігі Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен бірлесіп ұйымдастырды.

Халықаралық конференцияда баяндама жасаған Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының Басқарма төрағасы Лима Диас кездесуге қатысушыларды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы қызметінің негізгі бағыттарымен, Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдарын гранттық қаржыландыру тетіктерімен, сондай-ақ ҮЕҰ мен азаматтық белсенділердің әлеуетін дамыту жөніндегі қолдау шараларымен таныстырды. Сондай-ақ, ол үкіметтік емес сектордың әлеуетін арттыруды қамтамасыз ету мақсатында екі елдің азаматтық қоғамын дамыту мәселелерін талқылау үшін жергілікті және халықаралық сарапшыларды тарта отырып, Орталықты диалог алаңы ретінде ұсынуға дайын екендігін алға тартты.

«Қазақстанда да, Украинада да азаматтық қоғамды дамыту, үкіметтік емес сектор үшін қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ ҮЕҰ-ны қаржылық қолдаудың тиімді тетіктерін әзірлеу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.

Тараптардың азаматтық қоғамның біліктілігін арттыру бағытындағы мол тәжірибесін көріп, Орталық бағдарламалар жасауға сарапшыларды тарту, сондай-ақ украиналық ҮЕҰ-ны оқыту бағдарламаларына қатысуға шақыру арқылы өзінің тәжірибесімен, білімімен бөлісуге қашанда ашық. Үкіметтік емес сектордың әлеуетін арттыруды қамтамасыз ету мақсатында біз азаматтық қоғамды дамыту мәселелерін талқылау үшін жергілікті және халықаралық сарапшыларды тарта отырып, диалог алаңын ұсынуға дайынбыз», – деді Лима Диас.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басқарма төрағасы украиналық әріптестерімен ҮЕҰ-ның қаржылық тұрақтылығын дамыту, гранттар ұсыну рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету тұрғысында тәжірибе алмасуға қызығушылық танытты.
Шара соңында конференцияға қатысушылар 2022 жылы елдер арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын мерекелеу аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту жөніндегі жоспарларды талқылады.