«Көшпелі заң көмегі керуені» ауылдық жерлердің тұрғындарына құқықтық консультациялар беруде

Жарияланған күні: 24.05.2023


«Жаңа-Ру жастар коалициясының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі Абай, Ақмола, Ақтөбе және Жамбыл облыстарына қарасты ауылдардың тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді алу, жұмыспен қамту мәселелері және азаматтардың жеке басына қатысты құқықтық жағдайлар бойынша консультациялық көмек көрсету мақсатында «Көшпелі заң көмегі» керуенінің жұмысын ұйымдастырды деп, хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.

Елімізде ҚР Ақпарат және қоғамдық министрлігінің қолдауымен «Құқығыңды білу міндет» жобасы іске асырыла бастады. Жоба халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, азаматтардың құқық бұзушылыққа немқұрайлы қарамауын, төзбеушілігін насихаттауға бағытталған.
Әлеуметтік жоба аясында ««Жаңа-Ру» жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі кәсіби заңгерлермен бірлесіп, әлеуметтік осал топтар қатарындағы азаматтарға еңбек заңнамасын, «eOtinish» сервисі, «egov» порталы арқылы тиісті мекемелерге өтініш немесе шағым беру жолдарын түсіндіру мақсатында «Көшпелі заң көмегі» керуенімен еліміздің түкпір-түкпіріндегі шалғай ауылдарды аралауда.

«Өңірлердің шалғай бөлігіндегі ауылдарда тұратын азаматтардың өз құқықтық сауаттылығын арттыру мүмкіндігі өте төмен екендігін түсіне отырып, біз сотта, халыққа қызмет көрсету, жұмыспен қамту орталықтарында жұмыс істейтін мамандармен, жеке сот орындаушыларымен, заң кеңесшілерімен бірлесіп, ауылдықтарға консультациялық көмек көрсетуді жөн көрдік. Мамандарымыз халыққа кеңес беріп қанай қоймай, құқықтық мәселелердің шешілуін өз бақылауында ұстайды.
Бүгінге дейін «Көшпелі заң көмегі керуені» Жамбыл облысының Мойынқұм, Шу, Қордай, Талас аудандарына қарасты ауылдарда болып қайтты. Алдағы уақытта мамандармен Абай, Ақмола, Ақтөбе облыстарының ауылдарына баруды жоспарлап отырмыз», – дейді «Құқығыңды білу міндет» жобасының жетекшісі Асхат Олжабай.

Жобаны ұйымдастырушылардың айтуынша, «Көшпелі заң көмегі керуені» аясында 5000-нан астам адамға консультациялық көмек беріледі.
Айта кетейік, «Құқығыңды білу міндет» жобасы 2024 жылдың соңына дейін іске асырылады.