Жас журналистер гранттық жоба аясында зерттеу жүргізді

Generation Zertteu жобасы жас журналистердің зерттеу іс-шараларын жүргізуіне арналған шағын гранттарды бөлуді қарастырды, деп хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.
Жас журналистердің әлеуетін арттыру арқылы зерттеу журналистикасын дамытуға жәрдемдесу мақсатында Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен «Медиа дамыту қоры» КҚ бірлесіп, шағын гранттарды ұсыну жөніндегі жобаға бастамашыл болды. Бюджеттен тыс қаражатқа жүзеге асырылған «Almaty Nomad» саяхатшылар клубы» қоғамдық бірлестігінің жобасы 100-ге жуық жас журналистті жұмылдырды.
«Біз шағын гранттарды ойнату үшін жас журналистер арасында байқау ұйымдастырдық. Бізге Қазақстанның жетекші БАҚ өкілдерінен 90-нан астам өтінім келіп түсті. Өтініштердің арасынан қазақ тілінде мақала жазатын журналистерден 10, орыс тілінде мақала жазатын журналистерден 10 өтінімді іріктеп алдық. Бұл журналистер үшін біз журналистік зерттеу әдістемесі және data-журналистика бойынша 4 тренинг өткіздік. Тренинг қорытындысы бойынша 16 журналист өз жобаларын қорғады. Осылайша, қазылар алқасының шешімімен 500 мың теңгелік шағын гранттарды жастарды кәсіптік бағдарлау туралы лонгрид жобасымен «Informburo.kz» порталының журналисті, подкаст сериясының жобасымен «Platon Asia» АП журналистері, маргиналды жастар туралы бейнерепортажбен Ерлан Шаншарханов, еңбек құлдығы туралы репортаж жобасымен «The Village» басылымының журналисі иеленді. Гранттардың негізгі үлесі қазақтілді басылымдардың журналистеріне ұсынылды», – деді «Almaty Nomad» саяхатшылар клубы» ҚБ директоры Мәдина Ашилова.
Оның айтуынша, жас журналистердің зерттеу жүргізуде менторлар қолдау көрсеткен.
«Авторларға жоба кезінде менторлар көмектесті. Жас журналистер болғандықтан, біз оларды тәжірибелі мамандармен беттестіруге тырыстық. Менторлар журналистердің белгілі бір уақыт аралағында не істегінін, өз зерттеулерін қалай жүргізіп жатқанын, іс-шараларды өткізу кезінде қандай проблемаларға тап болғанын біліп, сол мәселелерді шешуге көмектесті», – деп түйіндеді сөзін Мәдина Ашилова.
Айта кетейік, Generation Zertteu жобасы 2021 жылдың қарашасы мен 2022 жылдың наурызы аралығында жүзеге асырылған болатын