«Global Challenges Summit» Астана экономикалық форумы аясында «Азаматтық қоғамның болашағы. Жаңа азаматтық белсенділік» тақырыбында панельдік сессия өтті.

Астанада «Global Challenges Summit» Астана экономикалық форумы аясында «Азаматтық қоғамның болашағы. Жаңа азаматтық белсенділік» тақырыбында панельдік сессия өтті.

Панельдік сессия жұмысына мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, саясаттанушылар, алыс-жақын шет мемлекеттерден келген сарапшылар қатысты.

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев азаматтық қоғам жаңа трансформацияның қозғаушы күші болуы қажет екендігін атап өтті. «Бұл үшін білім алуды, жаңа дағдылар мен білікті дамытуға, қарым-қатынас мәдениетін және коммуникацияны жетілдіру қажет»,- дейді ол.

Сондай-ақ, шара барысында үкіметтік емес ұйымдардың, әлеуметтік кәсіпкерліктің және азаматтық белсенділіктің заманауи даму трендтері туралы танымал сарапшылар сөз сөйледі. Атап айтқанда, «Hertie» мемлекеттік басқару жоғарғы мектебінің президенті Хельмут Анхайер (Германия), «Әлеуметтік мәселелерді талдау орталығы» қоғамдық қорының директоры Меруерт Махмутова, Ұлттық зерттеулер университетінің «Жоғары экономика мектебі» коммерциялық емес секторы және азаматтық қоғамды зерттеу орталығының директоры Ирина Мерсиянова (Мәскеу, Ресей), саясаттанушы Саясат Нұрбек өз пікірлерімен бөлісті.

Панельдік сессия аясында азаматтық қоғам саласында жүзеге асырылған инновациялық жобалар мен озық тәжірибелерге арналған интерактивті көрме өткізілді. Бұдан басқа, қатысушыларға ҮЕҰ саласының даму перспективалары мен азаматтық белсенділіктің жағдайы туралы сауалнама бюллетені ұсынылды.