Елордада жануарларға қамқорлық танытуға бағытталған акция бастау алды

Қала тұрғындары үйсіз жануарларға арналған орындардың пайдасына пластикалық қалдықтар мен макулатураны тапсыра алады, деп хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.

Қайырымдылық акциясын «Green help»  қоғамдық бірлестігі «Birgemiz: Ayala» жалпыұлттық жобасы аясында өткізіп жатыр.

Маусым айының басында жоғарыда аталған акция Петропавл қаласында  басталған болатын. Эстафетаны елорда жалғастырды.

Жануарларға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға бағытталған «Birgemiz: Ayala» жобасы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша Азаматтық бастамаларды қолдау Орталығының қолдауымен іске асырылады.

«Нұр – Сұлтан  – біздің акцияға қосылған екінші қала.Науқанға Қазақстанның барлық ірі қалалары қатысады деп күтілуде. Бүгін біз қайталама шикізатты жинау және бастапқы өңдеумен айналысатын «LS Astana» ЖШС-мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Қайырымдылық акциясының шарттарына сәйкес, жануарларға көмектесуге ниет білдірген қала тұрғындары қабылдау пункттеріне макулатура, пластик, шыны тапсыра алады. Қайталама шикізаттан жиналған барлық қаражат «Я живой» атты ұйымның шотына жолданатын болады», – дейді «Birgemiz: Аyala» жобасының үйлестірушісі Азат Жұмағұл.

Жануарларды қорғаушылардың айтуынша, жануарларға арналған орындардың проблемаларын шешуге көптеген қазақстандықтар қосылатындықтан, мұндай жобалар қоғамға үлкен пайдасын тигізеді.

«Бұл – біздің жалпыұлттық акция аясындағы алғашқы бірлескен жобамыз. Жануарлар тұратын орындарға көмектескісі келетіндер көп екенін атап өткім келеді. «Green help»  бірлестігі ұйымдастырған акция ел азаматтарын біздің мекемелерге қаржылай тұрғыда ғана емес, ақпараттық қолдауға да баулиды деп ойлаймын. Акция басталғаннан кейін біреу жобаның дамуына жеке үлес қосуға немесе жануарларды өз үйіне алуға ниет білдіруі мүмкін»,-дейді «Я живой» жеке қорының құрылтайшысы Елизавета Липисей.

«Birgemiz: Ayala» жалпыұлттық жобасы 2024 жылдың соңына дейін жалғасады.