Ауылдағы шағын гранттар: қоқыс орнына балалар ойнайтын алаң пайда болды

Кемпірқосақ адам баласын күлкіге, көңілді әрі сиқырлы сезімге бөлейді. Бұл әлбетте, ересектерді балалық шақтың қызығына шомылдырады. Міне, сондықтан, Галина Ковинскаяның басшылығындағы бастамашыл топтың аты да осылай аталады. Ақмола облысы Астрахан ауданының Жалтыр стансасында балалар алаңын құру идеясы көршілердің бәрінің басын біріктірді. Ал Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранттық қолдауы осы жоспардың іске асырылуына көмектесті. Біз белсендімен сұхбаттасып, жобаның біртіндеп жасалған қадамнан бірегейлікке қалай айналғанын біліп көрдік.
Галина Ковинская ойын алаңын салуды ұзақ уақыт бойы армандапты. Кейбір себептерге байланысты идеяны жүзеге асыру мүмкін болмаған. Бірақ «әр іс өз уақытымен» демекші, биыл Галинаның күйеуі үйдің жанында жер учаскесін жалға алған екен. Содан кейін ерлі-зайыптылар іске кірісетін уақыт келгенін ұғынады.
«Балалар алаңын құруды көптен бері ұйғарып қойғанбыз. Сегіз жыл бойы жоспарладық. Біздің үйдің жанында отыз жыл бойы қоқыс полигоны болған учаске бар еді. Жұбайым бұл учаскені кейіннен сатып алумен екі жылға жалға алғаннан кейін біз дәл сол сәт келді деп шештік. Біздің көшенің балаларына да ойнайтын жер жоқ еді. Ауылдың орталығында әткеншектер мен карусельдер баршылық, бірақ олар барлығына жетпейді.
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранты туралы білгеннен кейін біз өз бағымызды сынау керек деп шешім қабылдадық, байқауға өтінім бердік. 500 мың теңге ұтып алғанымызға өте қуаныштымын. Мен бұл туралы Instagram-дағы парақшамда жарияладым, көршілерге хабарладым. Біз бәріміз бірігіп, қажетті жабдықтарды сатып алдық. Ер адамдар қоршау орнатуға көмектесті, әйелдер орындықтар мен қоршауларды бояды. Аумақты абаттандыруға тіпті балалар да қатысты. Олар алаңды тазартуға көмектесті, содан кейін біз оны қиыршық таспен, ал үстіне құммен толтырдық», – дейді Галина Ковинская.
Әйел өз идеясын қолдап, ойын алаңын ұйымдастыруға қолғабыс еткен көршілерімен мақтанады. Бұл жоспардың айналасындағы көршілердің бірлікпен рухтанғаны соншалық, бастамашыл топ тек гранттық қаражатпен шектелмей, ортақ іс үшін өздері де ақша қосыпты.
Жаңадан алаңның пайда болғанына бәрі түсіністікпен қарады. Алайда Галинаның бастамасын қолдамаған адамдар да болыпты.
«Әлбетте, ауыл тұрғындары қоқыс тастайтын орында үлкен таза аумақтың, балалар ойын алаңының пайда болғанына қуанды. Бұл қоқыс біздің және көршілердің жұмсартып айтқанда мазамызды алып біткен. Сондықтан адамдардың көбі мені қолдады, мәселеге құлшыныспен қарады, өз қаражаттарын ұсынды, қол жұмысына көмектесті.
Алаң өз күшімізбен бой көтерді. Менің жұбайым көп көмектесті, ол жұмыстан келіп, бір жерде метал құрылымдарын дәнекерледі, бір жерде пикет қоршауларын шегелеп, орнатып, бәрін өлшеді.
Күйеуімді және көршілерімді мақтан тұтамын. Тілегімді шынайылыққа айналдырған сенімід адамдардың жанымда болғаны қандай жақсы.
Бірақ «Бұл сізге не үшін керек?» деп маған жиі бірдей сұрақ қоятын адамдар да болды. Себебі олар балалар аттракционына деген варварлық көзқарастың тәжірибесін көрген. Былтыр біздің ауылдың басқа жағында ойын алаңы салынған еді. Онда биыл ойнайтын бір орын қалмады. Бірақ мен бәрібір жақсылыққа сенемін әрі өз ауылым үшін неғұрлым көп пайдалы істерді жасағым келеді», – дейді әйел.
Жаңа алаңда балалар ерекше қуанады. Енді кенттің балалары волейболды тегін ойнап, жас жеткіншектер – карусельге, төбешікке және әткеншекке мініп, атлетикалық кешенде жаттыға алады. Галина Ковинскаяның өзі айтқандай, жоба ең ұсақ бөлшектерге дейін ойластырылған.
«Балалар ойын алаңы 3-12 жас аралығындағы балаларға арналған. Ал балалар үшін шын жүректен барлық жақсылықты жасауға тырысамыз. Менің ойымша, біздің жобамыз ерекше, өйткені балалар алаңының дизайны қоршау баланың жолға шығуына жол бермейтіндей етіп жасалған. Біз ауылда тұратындықтан, ірі қара мал оның аумағына кіре алмайтындай етіп ойын алаңын абаттандыру қажет болды. Біз мұны ескердік. Қоршау түрлі-түсті қарындаштар түрінде жасалды. Сондықтан өз жобамызды «кемпірқосақ» деп атадық.
Шынымды айтқанда, балалар алаңын ашқанымызға әлі күнге дейін сенбеймін. Бірақ бұрыннан бері арманымның орындалғанына қуаныштымын.
Ойын алаңын аша отырып, балалар үшін шағын мереке ұйымдастырдық. Олардың бақыттан басы айналғаны соншалық, тіпті қайда бару керектігін, волейбол ойнауды, көлденең жолақтарды немесе әткеншекте – не таңдарын білмей қалды. Балалардың көзіндегі қуанышты көру – сөзбен жеткізу мүмкін емес сезім», – деді ол.
Галина мұнымен тоқтап қалмауды ойлап отыр. Болашақта ол ойын алаңын түрлі тренажерлармен жабдықтап қана қоймай, өзінің шағын бизнесін бастау үшін Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранттық қаражатын алу конкурстарына қатысқысы келеді.
«Осы әлеуметтік жобаны іске асыра отырып, мен өзім үшін жұмыста, жобаларды ұйымдастыруда зор тәжірибе жинадым. Өзімнен бастап, дәл осы жерде және дәл қазір әрекетті бастауым керек екенін түсіндім. Әркім өз ауылы үшін пайдалы нәрсе жасай алады.
Болашақта балалар ойын алаңын тренажерлармен, үлкен балаларға арналған теннис үстелдерімен, балалармен бірге келетін ата-аналармен жабдықтау жоспарлануда.
Ауылда қандай да бір бизнес ұйымдастыруды жоспарлап отырмын. Осындай бастамашыл топтардың барлық есептерін тыңдай отырып, АБҚО гранттарының арқасында ақша табуға болатынына да көзім жетті. Бұл ақпарат пайдалы болды. Енді мен кент үшін де, мен үшін де табыс көзіне айналатын қандай да бір жобаны іске асырғым келеді. Алдағы уақытта да байқауларға қатысамын», – деді Галина Ковинская.
Айта кетсек, «Ауылдағы азаматтық бастамаларды дамытуға бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» республикалық жобасы аясында Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранттық қолдауымен Қазақстанның түкпір-түкпірінде спорт және балалар алаңдары, жаңа көгалдар мен гүлзарлар пайда болды. Халық білім беру бағдарламаларына тартылып жатыр. Балалар да, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балалар да шетте қалған емес. Кейбір ауылдарда отбасылық құндылықтарды сақтауға, патриоттық тәрбиеге баса назар аударылады. Шағын гранттардың 60 жеңімпазының ішінде тек 13-і-ҮЕҰ, қалғандары – бастамашыл топтар. Бір грант сомасы – 500 мың теңге.