Елорданың аула клубтарына 3 мыңға жуық бала барады

Жарияланған күні: 06.06.2022


«Замандас 21» отбасылық аула клубтары 12 жыл бұрын құрылды, деп хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.

Биыл отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған әлеуметтік жоба аясында қоғам белсенділері жас жұбайларға консультациялар, онлайн-дәрістер, семинарлар, бос уақытты өткізу іс-шараларын өткізеді.

«Біздің негізгі мақсатымыз – отбасын нығайту, отбасылық құндылықтарды жаңғырту, сондай-ақ балаларды жан-жақты дамыту. Біздің жоба көпбалалы, аз қамтылған, толық емес отбасылар үшін қолжетімді. Сондай-ақ біз мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп жатқан ата-аналар үшін де ашықпыз. Біздің клубтар қолдауға мұқтаж жандардың барлығы үшін  жұмыс істейді», – деді «Замандас 21» қоғамдық қорының жетекшісі Ләззат Алшинова.

Бүгін елордада 6 аула клубы мен 1 коворкинг-орталық жұмыс істейді. Мұнда 3000-ға жуық бала келеді. «Замандас 21» отбасылық аула клубтарында вокал, домбыра, таэквондо, каратэ, шахмат, ағылшын және қазақ тілі сияқты 25 үйірме бар. Сонымен қатар, балалар арт-терапиямен, қоллданбалы өнермен айналысады.

Әлеуметтік жоба аясында «Бақытты отбасы» клубы құрылды. Бұл – қиын өмірлік жағдайға тап болған балалары бар отбасыларды қолдауға арналған білім және кеңес беру кеңістігі. Мұнда ата-аналар менбалалардың арасындағы қарым-қатынас жөніндегі психологиялық көмек көрсетіледі.

«Біздің клубтар ата-аналар мен балалардың бас қосатын орталыққа айналады. Олардың қызметі қазақстандық отбасыларды дамытуға және нығайтуға бағытталған. «Замандас 21» аула клубтары өскелең ұрпақты тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады. Секциялардағы сабақтар, бірлескен отбасылық іс – шараларды өткізу отбасыларға ұйымшыл және тату болуға көмектеседі», – дейді Ләззат Алшинова.

Жобаны ұйымдастырушы отбасының барлық мүшелері қосымша білім беру процесіне қатысады деп санайды. Мұнда халықтың әлеуметтік осал санаты қолдау табады. Осыған байланысты үйірмелер мен секциялардағы барлық қызметтер тегін көрсетіледі.

Жалпы қоғам белсенділері отбасылық аула клубтарын дамытумен 12 жыл айналысып келеді. Биыл «Замандас 21» ҚҚ ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен бірлесіп, әлеуметтік жобаны жүзеге асыруда.