Елімізде Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу басталуда

Жарияланған күні: 29.08.2023


Мемлекеттік басқару жүйесі үшін талантты жастарды анықтау және тарту мақсатында Президенттік жастар кадр резервіне кезекті үшінші іріктеу жоспарлануда.

Іріктеуге өтінімдерді қабылдау 1 қыркүйектен бастап pkrezerv.gov.kz сайтында қолжетімді болады. Өтінімдер 30 қыркүйекке дейін қабылданады.
Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, қазақ тілін меңгерген (В1 деңгейінен төмен емес) Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады.



Биыл іріктеу келесі бағыттар бойынша жүргізіледі: инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау, сыртқы саясат және инвестициялар, экономикалық және қаржылық саясат, цифрландыру, әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам.

Іріктеу 6 кезең бойынша өткізіледі:
– Құжаттарды қабылдау;
– Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау;
– Ситуациялық тапсырмаларды шешу;
– Құзыреттерді бағалау (Assessment center және HR-сұхбат);
– Сарапшылық комиссияда әңгімелесу;
– Ұлттық комиссия отырысы.

Іріктеу қорытындысы бойынша 50 кандидат резервке алынады. Жеңімпаздар ағымдағы жылғы желтоқсанда жарияланады.