«ЕЛІМ ДЕГЕНДЕР» БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ

Жарияланған күні: 28.09.2023


Республикалық байқауға 14 пен 35 жас аралығындағы өзге этнос өкілдерінің жастары қатыса алады деп, хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.

 

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының алаңында қоғам белсенділері өзге этнос өкілдері арасында «Елім дегендер» атты республикалық байқаудың басталғаны туралы хабарлады. Байқауды «Тіл тағдыры – ел тағдыры» жобасын іске асыру аясында «Болашақ Қазақстанға» қоғамдық студенттік  бірлестігі ұйымдастырады.

Жоба жетекшісі Бибінұр Шербаеваның айтуынша, «Елім дегендер» байқауы екі кезеңнен, аймақтық іріктеу және республикалық кезеңнен тұрады. Жеңімпаздар «Ақындар мүшәйрасы», «Көркемсөз өнері», «Аспаптық өнер», «Дәстүрлі ән» сияқты төрт номинация бойынша бақ сынасады.

«Байқауымызға 14 пен 35 жас аралығындағы өзге этнос өкілдерінің жастары қатыса алады. Алғашқы кезеңде біз қатысушылардың қазақ тілін қаншалықты білетінін бағалаймыз. Олар «Ақындар мүшәйрасы», «Көркемсөз өнері», «Аспаптық өнер» немесе «Дәстүрлі ән» номинациялары бойынша өздеріне қатысты ақпаратты бейнеролик ретінде жіберуі шарт. Бейнематериалдардың сілтемесі elimdegender.kz@gmail.com поштасы арқылы 1-20 қазан аралағында қабылданады. Бейнежазбаның ұзақтығы төрт минуттан аспауы қажет. Үздік деп танылған қатысушылар Астана қаласында өтетін байқаудың финалына жолдама алады», – деді «Тіл тағдыры – ел тағдыры» жобасының жетекшісі Бибінұр Шербаева.

«Елім дегендер» байқауы қорытынды кезеңінің жүлде қоры 4 000 000 теңгені құрайды. Әр аталым бойынша І, ІІ және ІІІ орын иегерлері марапатталатын болады.

«І орын иегерлері мөлшері 500 000 теңгені құрайтын сыйлыққа ие болса, ІІ орын иегерлеріне 300 000 теңгені табыстаймыз. Ал ІІІ орын иегерлері 200 000 теңгелік жүлдені еншілемек», – деді Бибінұр Шербаева.

Мұнымен қоса, спикер Астанаға келетін финал қатысушыларының жатын орындары мен тамақтануына жұмсалатын шығындарды ұйымдастырушылардың өз мойнына алатынын айтты.

Айта кетейік, ұзақмерзімді «Тіл тағдыры – ел тағдыры» жобасы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Жоба 2025 жылдың соңында аяқталады. Жоба операторы – Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы.