Эковолонтерлер республикалық Тазалық кубогына дайындалуда

Жарияланған күні: 02.08.2023


Астанада «Таза ойындардан» жаттығу жарыстары өтті. Эковолонтерлер арасында қоқыстарды жинау және сұрыптаудан өткен командалық жарыстардың қорытындысы бойынша елорданың табиғи аумақтарынан 250 келіден астам қоқыс жиналды деп, хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.

ТМД-дағы волонтерлік қозғалыс жылы қарсаңында Астанада «Таза ойындарды» – табиғи аумақтарды қоқыстардан тазалау және сұрыптаудан өткен командалық эковолонтерлік жарыстарды ұйымдастырушылар үшін екі күндік тағылымдама өткізілді. Іс-шараға Қазақстанның альпинизм және құзға шығу федерациясының өкілдері, экобелсенділер мен «Binom» мектебінің оқушылары және экоактивистер қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, тағылымдама «Таза ойындардан» халықаралық турнирдің келесі кезеңдеріне дайындықтың маңызды бөліктерінің бірі саналады.


«Қазіргі уақытта біздің еріктілер Қазақстан тазалық кубогына дайындық үстінде. Жарысты өткізу қыркүйектің екінші жартысына жоспарланған. Ұлттық чемпионаттың жеңімпаздары келесі жылдың көктемінде ТМД экологиялық белсенділері арасында өтетін Еуразиялық тазалық кубогына қатысады. Ұлттық тағылымдамалар жаздың соңына дейін ТМД – ның барлық елдерінде өткізіледі», – дейді «Әлеуметтік жобалар қоры» КҚ директоры Ербол Кеңгербаев.


Екі күндік іс – шара барысында жаттықтырушылар қазақстандық эковолонтерлерге «Таза ойындар» қағидаларын, қалдықтарды бөлек жинаудың, қоқысты қайта өңдеудің әдістемелерін түсіндіріп, жаттығу ойындарын да өткізді.
Осылайша, тыңдаушылар тағылымдама барысында алған білімін іс жүзінде бекіте алды.
«Тәжірибелік бөлімде қатысушылар өздерін жүргізуші, ерікті, ойыншы және ұйымдастырушы сияқты әр түрлі рөлдерде сынап көрді. Ойын барысында біз қатысушыларды арнайы мобильді қосымша арқылы бақыладық. Жарыстың қорытындысы бойынша еріктілер 250 келіден астам қоқыс жинады», – дейді Ербол Кеңгербаев.


Айта кетейік, іс-шара ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен 2022 және 2024 жылдар аралығында іске асырылатын «Birgemiz: Taza Alem» жалпыұлттық жобасы шеңберінде өткен болатын.