Эко-тренд: Жастар таза елді қолдайды

Жарияланған күні: 14.03.2022


Экологиялық ойлау трендке айналуда, оны қазіргі кезде адамдардың негізгі дағдысы деп санау кездейсоқтық емес.

Өткен   жылы ҚР АҚДМ қолдауымен ««Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі жастар арасында экологиялық мәдениетті нығайтуға бағытталған әлеуметтік жобаны іске асырды.

Экологиялық ойлауды дамыту және «жасыл» тәжірибені енгізу туралы ««Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» РҚБ төрайымы Динара Сәдуақасова айтып берді.

«Жобаның мақсаты – мектептер мен жоғары оқу орындарында өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беру. Қазіргі таңда экологиялық қағидаларды ұстану трендке, сәнге айналуда. Үш жыл бұрын «эко-белсенді» немесе «экологист» сияқты ұғымдарды ешкім қолданған жоқ. Ал қазір адамдар өздерін эко-ерікті немесе эко-белсенді ретінде мақтанышпен таныстырады. Мұны біздің экологиялық жобалардың статистикасынан көруге болады. Егер бұрын адамдарды сенбілікке немесе ағаш отырғызу науқандарына «тарту» қиын болса, қазір қазақстандықтар белсенді қызығушылық танытады, тіпті өздері де осындай іс-шараларды ұйымдастырады. Мәселен, өткен жылы біз экоактивистердің күшімен республиканың барлық өңірлерінде «Естелік бағы», «Таза өзендер, көлдер мен тоғандар», «Таза саябақтар», «Өз ағашыңды отырғыз» акцияларын ұйымдастыра алдық. Оған 100 мыңнан астам адам қатысты», – дейді Динара Сәдуақасова.

Ақтөбе, Қызылорда, Ақмола, Алматы, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан облыстарында «Киелі Табиғат» республикалық экологиялық айлығы аясында «Таза саябақтар» акциясы жүзеге асырылды. Акцияны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен әкімдіктер, «Жас Ұлан» республикалық балалар мен жасөспірімдер ұйымы, олардың өңірлік филиалдары, эковолонтерлер және жастар белсенділері бірлесіп ұйымдастырған болатын. Жалпылай алғанда, айлыққа 80 мыңнан астам қазақстандық қатысты.

Сонымен қатар, экософия қағидаттарына негізделген экологиялық этика мен мәдениетті қалыптастыру бағытында мемлекеттік және орыс тілдерінде «Тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинау», «Экопикник», «Таңбалау», «Экологиялық өмірдің 6 ережесі», «Компосттау» тақырыптарындағы онлайн-бейнекурстар әзірленді.

Жоба ұйымдастырушылары «Эко-Асар» экологиялық марафонын да өткізді. Марафонның мақсаты – елдегі ТҚҚ бөлек жинаудың экологиялық мәдениеті деңгейін арттыру, өңірлердегі әлеуметтік бастамаларды қолдау.

«Грант аясында конкурстар, шеберлік сағаттары, тренингтер және челлендждер сияқты көптеген іс-шаралар өткізілді. Олардың барлығы әртүрлі форматты қамтыды. Десе де эко-театр, эко-ертегілер және экология туралы анимациялық мультфильмді әзірлеу ерекше есте қалды. Эко-театр – театрлық қойылымдарды, көрермендерге арналған эко-тақырыптарға интерактивтерді және қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау жөніндегі шеберлік сыныптары аймағын қамтитын бірегей жоба. Өткен жылы театр труппасы «Гринейктердің хикаялары» атты қазақстандық эко-жинақтың желісімен  спектакль премьерасымен маусымды ашқан болатын. Бұл – қоқысты бөлек жинау, экология туралы ертегілер жинағы. Сондай-ақ, біз экология туралы анимациялық мультфильмді әзірледік. Мультфильмдегі басты кейіпкердің аты – Жасұлан. Ол болашаққа   аттанып,  экологиялық өмір салтын жүргізбегеннің  салдарынан біздің планетамызды қандай экологиялық апаттар күтетінін білді», – деді Динара Сәдуақасова.

Әр аймақта эко-ағартушылық қозғалыстар құрылды. Олардың аясында республиканың түкпір-түкпірінен 1000-нан астам экобелсенді  білім   алды. Курстарға сертификатталған эко-жаттықтырушылар, тәжірибелі эко-белсенділер және елдегі   экологиялық қозғалыстың көшбасшылары тартылды.

«Қазіргі таңда Қазақстанда экологияны жақсартуға қолайлы жағдайлар жасалуда. Дегенмен, қоршаған ортаны қорғау мен жақсарту, қоғамдық сананы «экологияландыру» және жаппай экологиялық жаңғыртуға қатыстымәселелерді шешу міндеті әлі тұр. Бұл   іске  ең жақсы мамандарды, білімі, ерік-жігері, экологияға деген ынтасы бар адамдарды тарту қажет. Жас буын еріктілерінің қатысуынсыз бұл мүмкін емес. Осыған байланысты оқушылар мен жастарды экологиялық ағарту мәселесі әлі   де өзекті», – деп түйіндеді Динара Сәдуақасова.