«Эко-десант» акциясына қатысушылар 200 келіге жуық қоқысты қайта өңдеуге жіберді

Жарияланған күні: 20.09.2021


«Эко-десант» акциясына қатысушылар 200 келіге жуық қоқысты қайта өңдеуге жіберді
Іс-шараның мақсаты – заң бұзған азаматтардың қаладағы жағдайды жақсартуға бағытталған экологиялық бастамасын қалыптастыру, оларды пайдалы қоғамдық өмірге тарту.
Көкшетауда алғаш рет Ақмола облысы бойынша ҚАЖД Көкшетау қаласы пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардың қатысуымен «Эко-десант» экологиялық акциясы өтті. Шараны «Антарес» ҚҚ ұйымдастырды. Экологиялық науқанды Студент клубы мен «Өмір жолы АҮРО» ҚҚ жанындағы әлеуметтік қойманың еріктілері, «Мирас БҚҚ» ҚҚ экоклубының еріктілері, «ЖасОтан» ЖҚ және қаладағы басқа ұйымдардың қызметкерлері қолдады. Дүниежүзілік тазалық «World Cleanup day 2021» күніне орай ұйымдастырылған шараға 100-ге жуық адам қатысты.
Айта кету керек, акция барысында қоқыс түрлері бөлек жиналды. Экологиялық науқанға қатысушылар Қопа көлінің жағасын тазалады. Тазалау жұмыстарының барысында шыны бұйымдардың 175, пластикалық бұйымдардың 10-нан астам келісі мен алюминийден жасалған құтылардың 1 келісі жиналды. Жиналған қоқысты шараға қатысушылар «LS» ЖШС-нің өңделетін шикізатты қабылдау пунктіне тапсырды.
Іс-шара қорытындысы бойынша пробация есебінде тұрған 11 адамға экологиялық акцияға белсенді қатысқаны үшін грамоталар табысталды.
«Эко-десант» акциясы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен «Бас бостандығынан айыру орындарынан шыққалы жатқан және босатылған азаматтарды тиімді қайта әлеуметтендіруге бағытталған әлеуметтік қолдау» жобасын іске асыру аясында өткізілді.