«ECOBATYS» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БАСТАМАСЫН ІСКЕ АСЫРУ НӘТИЖЕЛЕРІ

Жарияланған күні: 08.11.2022


2022 жылдың сәуір айында Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында 15 үкіметтік емес ұйым «Ecobatys» экологиялық бастамасы аясында, «Шелл Қазақстан» компаниясының және Азаматтық бастамаларды қолдау Орталығының қолдауымен 4 млн теңгеден грант ұтып алды.
15 экологиялық жобаны іске асырудың нәтижесінде 80 мыңнан астам адам арнайы оқытудан өтсе, өңірлердің 10 мыңнан астам тұрғыны экологиялық акциялар, тренингтер, конкурстар, жарыстар сияқты 170-тен астам іс-шараға қатысқан болатын. Сонымен қатар, экология тақырыбында 30-дан астам бейнеролик дайындалды.
Үш өңірде жасыл желектерді отырғызу бойынша ауқымды акциялар өткізілді, эко-акциялардың нәтижесінде 800-ден астам ағаш және 500 көпжылдық гүл отырғызылды.
Жобаларды іске асыру аясында экологиялық, ақпараттық брошюралар мен әдістемелік құралдар дайындалды. Үш аймақта ақпараттық билбордтар мен плакаттар орнатылып, экологиялық бұрыштар мен қалдықтарды жинау орындарының 10-нан астам нысаны ұйымдастырылды. Сондай-ақ, 200-ден астам адамның қатысуымен ауқымды ғылыми конференциялар өткізілді. Мәселен, Ақтауда отыздан астам қатысушының басын қосқан эко-хакатон өткізілді.
Атырау облысы Құрманғазы ауданының Орлы кентіндегі мектептің ауласында оқушыларға ботаника, экология және биология пәндерінен практикалық сабақтар өткізу мақсатында жылыжай қойылды.
«EcoBatys» экологиялық бастамасын іске асыру аясында сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысы мен Орал қаласының аумағында рұқсат етілмеген қоқыс полигондарын жоюға арналған «ЭкоСақшы» мобильдік қосымшасы әзірленді. Оның көмегімен әрбір азамат заңсыз полигондарды анықтап, оларды жоюға өз үлесін қоса алады.
Аталған мемлекеттік емес гранттар Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі стратегиясын ілгерілету, сондай-ақ Шелл концернінің «Прогреске арналған Энергия» жаңа стратегиясын қабылдау шеңберінде бөлінді. «EcoBatys» экологиялық бастамасын іске асыру Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында 2023 жылы да жалғасатын болады.