Birgemiz: Qamqor жобасының “Қарттарға қуаныш сыйла” акциясы аясында 2000-ға жуық адамға қамқорлық көрсетілді.

Жарияланған күні: 01.10.2024


Бүгін, 1 қазанда Қазақстан қарттар күнін атап өтуде. Бұл күн, бүкіл өмірін еңбекке және басқаларға қамқорлық жасауға арнаған адамдарға назар аударатын маңызды мереке. Биыл “Birgemiz: Qamqor” жалпыұлттық жобасы аясында 2000 – ға жуық қарт адамдарға еріктілерден қамқорлық алуға мүмкіндік берген “Қарттарға қуаныш сыйла” атты бірқатар акциясы өткізілуде.

Бұл акция “Мархабат.KZ” қоғамдық қоры, Мәдениет және Ақпарат Министрлігінің гранттық қолдауымен, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының арқасында өткізіліп жатыр. Акция көбіне қараусыз және қамқорлықсыз қалған жалғызбасты қарттарды әлеуметтік қолдауға бағытталған.

Қазақстанның өңірлеріндегі еріктілер қарт адамдар үшін мәдени және демалыс іс-шараларын өткізді, сондай-ақ олардың күнделікті өмірін жақсартуға бағытталған көмек көрсетті. Сонымен қатар, еріктілер қарт адамдарға күнделікті өмірде көмектесу арқылы әлеуметтік көмекші рөлін атқарады. Бұл олардың өмірін жеңілдетіп қана қоймай, оларды қоғамға маңызды және қажет адамдар ретінде сезінуге көмектеседі. Ағымдағы жылдың соңына дейін акция аясында жалпы 3000 адамға көмек көрсету жоспарланған.

Айтпақшы, “Birgemiz: Qamqor” жалпыұлттық жобасы үш жыл бұрын жұмысын бастады, осы үш жылдың ішінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Республикамыздың аумағында 8000-нан астам қарт адамдарға қажетті көмек пен көңіл бөлінді. Осы уақыт ішінде еріктілер мен үкіметтік емес ұйымдарға қарттарды қолдауға бағытталған 90 шағын грант бөлінді, бұл олардың өмірінің әртүрлі аспектілерін, медициналық көмектен бастап мәдени демалысқа дейін қамтуға мүмкіндік берді.

Жобаның маңызды бөлігінің бірі еріктілерді оқыту болды. Үш жыл ішінде 3000 ерікті оқытылды, олар егде жастағы адамдармен жұмыс істеу үшін қажетті білім мен дағдылар иесі атанды. Еркітілер қатарына қосылу үшін кез-келген адамға дайындықтан өтуге мүмкіндік беретін 10 онлайн-оқыту модулі құрылды. Сонымен қатар, бұл жоба түрлі ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді. Өңірлік және Ұлттық әріптестермен бірлесіп жұмыс істеу туралы 10-нан астам меморандумға қол қойылды.

Жобаға қатысқан еріктілердің жалпы саны 6000-нан асты. Еріктілердің басым бөлігі қарттардың өмірін жақсартуға үлес қосқысы келетін жастар, студенттер және бей-жай қарамайтын азаматтар. Осындай бастамалардың арқасында өскелең ұрпақ пен қарттар арасындағы байланыс нығайып, өзара көмек пен құрмет мәдениеті қалыптасуда.