«Birgemiz: Ayala»: 50-ден астам қазақстандық зооволонтерлер мектебінде білім алды

Жарияланған күні: 09.09.2022


«Green help» қоғамдық бірлестігі жануарларға қамқорлық танытуға бағытталған «Birgemiz: Ayala» жалпыұлттық жобасын іске асыруды жалғастыруда, деп хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.

Бүгінгі таңда «Birgemiz: Ayala» жобасы аясында шағын грант иегерлері жануарларға деген жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған бастамаларды іске асыруға кірісті. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 15 бастамашыл топ пен 15 үкіметтік емес ұйым гранттық қаражатқа үйсіз жануарлар проблемаларының барлық салаларын қамтитын жобаларды іске асыруда.

«Әр гранттың мөлшері 300 мың теңгені құрайды. Бастамашыл топтар мен үкіметтік емес ұйымдар балалар мен жасөспірімдерді жануарларға қамқорлықпен қарауға баулуға бағытталған акциялар; жануарларға деген қарым-қатынас мәдениетін өзгертуге бағытталған ағарту шаралары; жануарларға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік бейнероликтер, тегін ветеринариялық қызметтер көрсету және иесіз жануарларға арналған орындарды қолдауға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру сияқты түрлі бағыттағы жобаларды іске асырып жатыр. Шағын гранттар иесіз жануарлар проблемаларының барлық салаларын қамтуға және оларды жүйелі түрде шешуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті «Birgemiz: Ayala» жобасының менеджері Қайыржан Айсин.

Қоғам белсенділерінің айтуынша, жобаларды жүзеге асыру алдында еліміздің әр өңірінен 50-ден астам грант алушы «Зооволонтерлер мектебінде» білім алды. Шеберлік сағаттарын жаттықтырушылар онлайн форматта өткізді. Оқытудан өз ісін жаңадан бастаушылар да, тәжірибелі еріктілер де өтті.

Бүгінде грант алушылар жобаларды жүзеге асыруға білек сыбана кірісіп кеткен.

Жобаны ұйымдастырушылардың айтуынша, иесіз қалған жануарлар адамдардың жауапсыздығынан пайда болады. Иелері үй жануарларын өз саяжайында жиі тастап кетеді. Сол себепті Талдықорғандағы «Экологиялық инновациялар» жеке қорының өкілдері саяжай иелерімен, саяжай кооперативтерінің басшылығымен белсенді түрде кездесулер өткізеді.

Ал қарағандылық зооқорғаушы Наталья Уголькова қызықты жобаға бастамашыл болды. Белсенділер тәжірибелі кинологтармен бірлесіп, итке команда беруді үйрететін бейнелерді түсіріп жатыр.

Көкшетауда жануарлардың қатысуымен бірегей жоба жүзеге асырылуда. «Я сам шагаю» ҚҚ директоры Гаукар Камелинова мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтудың бірегей тәсілін ойлап тапты.

«Birgemiz: Ayala» жобасы аясындағы барлық 30 жоба жануарларға қамқорлық танытуға бағытталған.

Жоба ұйымдастырушыларының пікірінше, әрбір әлеуметтік бастама иесіз жануарлардың проблемаларын шешуге және жас ұрпақты тәрбиелеуге үлкен үлес қосады. «Birgemiz: Ayala» жобасы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Ол 2024 жылдың соңына дейін жалғасады.