Жарияланған күні: 15.09.2021
«Barine Bilim» жобасы аясында ауыл педагогтарының жұмыс жағдайы жақсартылады
Бүгін Азаматтық бастамаларды қолдау орталығында «Barine Bilim» жобасы аясында «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығына өтінім берген 30 мұғалімді іріктеуге арналған конкурстық комиссияның отырысы өтті. Олар білім беретін мектептерде 1 миллион теңге көлемінде шағын гранттар іске асырылмақ.
Конкурстық комиссияның құрамында өтініш берушілердің сауалнамасын ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев , Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қорының төрағасы Ермек Мәжитов, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры бас директорының орынбасары Серқожа Қалиасқаров, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басқарма төраймы Лима Диас, «Қазақстандық спортшылар одағы» РҚБ атқарушы комитетінің төрағасы Азамат Қарлығашев, «Ұлттық Ustaz-онлайн академиясының» басшысы Гүлмира Қорғанбаева, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Майя Бекбаева, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Карбозова, сондай-ақ әлеуметтік бағдарламаларды басқару және іске асыру саласындағы сарапшы Жанар Жақсылықова мен саясаттанушы Алина Хаматдинова бағалады.
Іс-шара қорытындысы бойынша 30 өтініш беруші таңдалды. Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қорының төрағасы Ермек Мәжитовтың айтуынша, «Barine Bilim» жобасын іске асыру аясында шалғай және ауылдық жерлердегі мектептерге ерекше көңіл бөлінетін болады.
««Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығы елімізде 2019 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтетінін ескере отырып, біз жобаны сәл кеңейтуді, қосымша бастамаларды интеграциялау арқылы шалғай және ауылдық жерлердегі 30 мектепті қолдауды жөн көрдік.
Егер республика бойынша «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығына 100-ден астам мектеп мұғалімі қатысса, финалға тек 10 мұғалім өткен. Сондықтан біз қалған өтініш беруші мұғалімдердің ішінен ауыл мұғалімдерін таңдап, ауыл мектептерін қолдағымыз келді. Міне, бүгін біз 1 миллион теңгеден шағын грантқа ие болатын 30 ауыл мектебін таңдадық. Бірақ гранттық қаражатты бөлуді тікелей ақшалай сыйақы деп емес, белгілі бір әлеуметтік жобаның интеграциясы деп түсіну керек. Нақтырақ айтқанда, мұғалім ұйымдастырушылармен бірге өз мектебін қолдау мақсатында белгілі бір жобаны бастайды. Бұл сыртқы немесе ішкі көгалдандыру, кітапхана қорын ұлғайту, мұғалімнің жұмыс орнын (кабинеті) жақсарту болуы мүмкін», – дейді ол.
Комиссия мүшелерінің мәлімдеуінше, іріктелген 30 өтініш беруші туралы ақпарат 24 қыркүйекте «Қазақстан мұғалімі-2021» ұлттық сыйлығын тапсыру рәсімінде жарияланады.
Еске салайық, «Barine Bilim» жобасы орталық тарихында алғаш рет корпоративтік секторды тарта отырып жүзеге асырылып жатқан жоба. Ол 2021 жылдың соңына дейін іске асырылмақ. Жоба операторы – Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы. Тапсырысты «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен «Қоғамдық маңызы бар бастамалар қоры» ЖҚ берді.