Жарияланған күні: 21.02.2023
Оқыту «ҮЕҰ академиясы» жобасы аясында ұйымдастырылады деп, хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.
«ҮЕҰ академиясы» жобасын іске асыру шеңберінде «Азаматтық бастама орталығы» қоғамдық бірлестігі Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарындағы ауылдық үкіметтік емес ұйымдары үшін, сондай-ақ Шымкент қаласының ҮЕҰ үшін ««Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ конкурстарына қатысу және Орталықтың жобаларын іске асыруға дайындау» экспресс курстарын өткізеді.
Курс ұйымдастырушыларының айтуынша, оқыту жүргізілетін өңірлер кездейсоқ таңдалған жоқ.
«2022 жылдың соңында Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының өтініші бойынша біз ҮЕҰ-ның мемлекеттік гранттарды ұсыну жөніндегі конкурстарға қатысуына қатысты талдау жасаған болатынбыз. Талдау қорытындыларынан елдің батыс және оңтүстік өңірлеріндегі ауылдық ҮЕҰ өкілдерінің гранттық жобаларға қатысуға өтінім беру кезінде қажетті ақпараттан бейхабар екендігін, яғни олардың құзіреттілігі деңгейінің жеткіліксіз екендігін көруге болады. Сондықтан біз осы өңірлердің ҮЕҰ үшін жедел курстарды өткізу туралы шешім қабылдадық. Сондай – ақ, тыңдаушыларға екі күндік семинарлар барысында әлеуметтік жобаларды қаржылық тұрғыда басқару туралы да айтып береміз», – дейді «ҮЕҰ академиясы» жобасының жетекшісі Светлана Пак.
Атырау облысы ҮЕҰ-ның өкілдеріне арналған офлайн-тренингтер 23-24 ақпанда, Ақтөбе облысы ҮЕҰ-ның өкілдеріне арналған тренингтер 1-2 наурызда өтеді.
Семинарлардың өтетін күні мен уақыты туралы толық ақпаратты academy-ngo.kz сайтынан алуға болады.
Экспресс курсқа өтінімдер мына телефон нөмірі арқылы қабылдануда: 8 777 409 50 05.
Алдын ала мәліметтер бойынша, «ҮЕҰ академиясы» жобасы аясында 2023 жылы ҮЕҰ-ның 800-ден астам өкілі оқытудан өтпек.
Еске салайық, «ҮЕҰ академиясы» жобасы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері «Өрелі ұрпақ» әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі, «Жобалық менеджмент факультеті» және «Азаматтық секторға арналған жаттықтырушылар курсы» сияқты базалық бағыттар бойынша білім алады.
«ҮЕҰ академиясы» жобасы 2024 жылдың соңына дейін іске асырылмақ.