Атбасарда тұрғын үй мәселелері бойынша қызмет көрсететін ресурстық орталық іске қосылды

Жарияланған күні: 07.06.2023


Жаңа орталықта меншік иелері бірлестіктерінің және қаланың қарапайым серіктестіктерінің басшыларына консультациялық көмек көрсетіледі деп, хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.

Ақмола облысының Атбасар қаласында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жергілікті көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған жоба іске асырыла бастады. Жоба аясында «Ангел» қоғамдық бірлестігі «Дом-сказка» меншік иелері бірлестігінің базасында тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша қызмет көрсететін ресурстық орталықты ашты.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі заңнамаға өзгерістердің енгізілуіне байланысты Атбасарда меншік иелері бірлестіктері мен қарапайым бірлестіктер көптеп тіркелуде. Алайда, бұл ұйымдар төрағаларының құзыреттілік деңгейі өте төмен.
Орталықта меншік иелері бірлестіктерінің басшыларының білімін арттыру мақсатында оларға көппәтерлі үйлерді басқару, салық есептілігі, заң мәселелері, өрт қауіпсіздігі ережелері мен санитарлық нормаларды сақтау бойынша кеңес береміз.
Сондай – ақ, әр түрлі тақырыптарда семинарлар өткіземіз. Сабақтарда жылу беру маусымына дайындық туралы айтып, тыңдаушыларды жергілікті атқарушы органдарға өтініштер жазуға, сондай-ақ жанжалды жағдайларда тұрғындармен ымыраға келуді үйретеміз», – дейді жоба жетекшісі Людмила Петрова.
Сонымен қатар, жобаның аясында қоғам белсенділері пәтер тұрғындарын ортақ мүлік пен қаржыны басқару процесіне белсенді тартуға ниетті.
«Жоба аясында біз ашықтық, есеп беру және тұрғындарды басқару, сондай-ақ мониторинг процестеріне тарту тетігін пысықтайтын боламыз. Гранттық қаражатқа шағын жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Аула бастамаларын дамыту мақсатында Жастар ресурстық орталығымен, атбасарлық меншік иелері бірлестіктерімен бірлесіп балалар мен жастар үшін ойын-сауық іс-шараларын өткіземіз. Жалпы, жоба аясында 60-тан астам МИБ-ті қамтуды жоспарлап отырмыз», – дейді Людмила Петрова.

Айта кетейік, аталмыш жоба осы жылғы қазан айының соңында аяқталады.