Астанада жастардың репродуктивті денсаулығын қорғау бойынша отырыс өтті

Жарияланған күні: 31.05.2024


Шара барысында жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын жақсарту үшін сауаттылығы мен жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ елімізде жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар мен жастармен халықаралық тәжірибе мәселелері талқыланды.

Отырысқа ҚР Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Мәдениет және ақпарат Министрліктерінің, жастар ұйымдарының өкілдері, танымал психологтар, медицина мамандары және еріктілер қатысты.

Спикерлер өскелең ұрпақтың репродуктивті денсаулығын қорғау мәселесі Мемлекет басшысы мен Үкіметтің үнемі бақылап отыратын басым стратегиялық бағыттардың бірі болып табылатынын атап өтті. Жүргізілген зерттеулер қазақстандық жасөспірімдер мен жастардың ұрпақты болу денсаулығын сақтау және нығайту мәселелерінде хабарлығы төмен екенін анықтады. Бұл осы саладағы ағарту жұмыстары мен алдын алу шараларын күшейту қажеттігін көрсетеді.

Осы мәселелерді шешу үшін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ мемлекеттік гранты аясында «Saulyq.life – жастардың денсаулығын сақтау» жобасы жүзеге асырылды. Жобаның мақсаты – жастар арасында қалаусыз жүктіліктің, түсік түсірудің және жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу. Сонымен қатар, жобаның басты міндеттерінің бірі мемлекеттік тілде заманауи ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, жыныстық тәрбие мен репродуктивті денсаулықты насихаттау болып табылады.

«Saulyq.life – Жастардың денсаулығын сақтау» жобасы жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында айқындалған міндеттерді орындауға бағытталған. Отырыс барысында осы міндеттерді жүзеге асыру бойынша нақты қадамдар, сондай-ақ ағымдағы бағдарламаларды жақсарту жолдары талқыланды.
Жиын соңында қатысушылар жастардың репродуктивті денсаулығын сақтау саласында үздік нәтижелерге қол жеткізу үшін тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.