Астанада үздік әлеуметтік жоба таңдалды

Жарияланған күні: 26.05.2023


«Өрелі ұрпақ» әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі аясындағы әлеуметтік жобалар байқауының жеңімпазы болып «Оңалтудағы иппотерпия» жобасын ұсынған Әмина Есина танылды, деп хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.

Бүгін елордада «Астана» халықаралық университетінің базасында әлеуметтік жобалар байқауы өтті. Оған осы жылдың наурыз-сәуір айлары аралығында «Өрелі ұрпақ» әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінің арнайы курсында білім алған ҮЕҰ өкілдері қатысты.


«Өрелі ұрпақ» әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінің қызметі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «ҮЕҰ академиясы» жобасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды. 2021 жылдан бері мұнда ҮЕҰ-ның 500-ден астам өкілі оқыды.

Биыл шамамен 180 адам мектебіміздегі оқудан өтті. Бір айдың ішінде курс жаттықтырушылары тыңдаушыларды ҮЕҰ-ның ағымдағы жай-күйін диагностикалауға, стратегиялық даму жоспарын әзірлеуге, өз ресурстарын бөлуге, жол картасын қалыптастыруға, әлеуметтік жобаны басқаруға үйретті. 16 тыңдаушымыз бұқараға өздерінің қызықты идеялары туралы айтуды, екінші жыл қатарынан өткізіліп жатқан әлеуметтік жобалар конкурсына қатысуды жөн көрді», – дейді «Өрелі ұрпақ» әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінің үйлестірушісі Зубираш Смағұлова.

16 әлеуметтік жобаның ішінен қазылар алқасы Ақмола облысында тіркелген «Керемет жол» қоғамдық бірлестігінің «Оңалтудағы иппотерапия» жобасын үздік деп таныды. Жоба жетекшісі Амина Есинаға 150 мың теңгелік ақшалай сертификат табысталды.

Екінші орынға ие болған «Grow KZ» қоғамдық бірлестігінің «Ауылдық жасөспірімдер мен жастарға арналған ХХІ ғасыр дағдыларын дамыту орталығы» жобасы 100 мың теңгелік сертификатты еншіледі. Ал Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауылының тұрғыны Самал Қалимова таныстырған «Зейнетақыны ресімдеу негіздері» жобасы үшінші орынға және 50 теңгелік сертификатқа ие болды.

Айта кетейік, «ҮЕҰ Академиясы» жобасы оқыту жүйесін құру арқылы ҮЕҰ қызметін кәсібилендіруге бағытталған. Биыл көшбасшылық мектебі, жаттықтырушылар мектебі және әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі сияқты бағыттар бойынша үшінші сектордың 800-ден астам өкілі оқытудан өтеді деп жоспарлануда. Жоба 2024 жылдың соңында аяқталады.