Астанада «Aiala» республикалық алғашқы арт-эко фестивалінің ашылуы өтті

Жарияланған күні: 02.06.2024


Халықаралық балаларды қорғау күнінде республикалық алғашқы «Aiala» арт-эко фестивалінің ашылу салтанаты болды. Фестиваль еліміздің түкпір-түкпірінен келген оқушыларға өнер арқылы қоршаған ортаға қамқорлық көрсетуге мүмкіндік береді.

Қазақстанның барлық өңірінен 36 адам іріктеліп, финалист атанды. «Бейнелеу өнері», «перфоманс», «видео түсіру» «сәндік-қолданбалы өнер», «музыка және поэзия», «арт-перфоманс» номинациялары бойынша алты жеңімпаз 1 миллион теңгелік сертификат иегері атанды.

«Іс-шараның негізгі мақсаты – экологиялық құндылықтар қалыптастыру, балаларды экологиялық тұрғыдан тәрбиелеу. «Aiala» экофестивалі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткізілді. Бүгін –балаларды қорғау күні. Бұл тамаша іс-шара экология саласында жұмыс істейтін барлық ірі үкіметтік емес ұйымдарды және олар конкурсқа қатысқан шығармашыл балалардың басын қосты. Аталмыш бастама енді жыл сайын өтеді деп үміттенеміз. Бұл – балаларға экологиялық тәрбие беруге мүмкіндік беретін қадам», – деді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов.

Айта кетейік, Қазақстанда алғаш рет креативті индустрия, балалар мен экология тоғысатын оқиға болып отыр.

«Бір ай бойы біз Қазақстанның түкпір-түкпірінен шығармашыл дарынды балалар арасында конкурс өткіздік. Экология тақырыбы бойынша 250-ден астам өтінім қаралды. Біз жастарға шығармашылық арқылы қоршаған ортаға қамқорлық жасап, өз сезімдерін білдіруге мүмкіндік беру өте маңызды деп санаймыз», – деді Лима Диас.

Фестиваль жеңімпаздары 1 миллион теңгелік сертификат иеленді. Атап айтсақ:

– Нұрыллаев Айболат, Қызылорда қ. («Órnekte» санаты)
– Науханбаев Нұржігіт, Қызылорда облысы («Árle» санаты)
– Анеля Сатыбалдиева, Астана қ. («Beinele» санаты)
– Регина Землиханова, Алматы қ. («Qara» санаты)
– Рахимжанова Аяна, Ақтөбе облысы («Sezin» санаты)
– Латыпаев Арман, Жетісу облысы, Жаркент қаласы («Sezin» санаты)

«Aiala» арт-эко фестивалі 1-2 маусымда Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді. Келушілер қазақстандық суретшілердің қолынан шыққан «5 элемент» инсталляциясымен таныса алады. Ауа, су, от, жер элементтерін бір шеңберге біріктірілген. Ортадағы айнадан жасалған жүрек адамның өзіне әрі айналасындағыларға деген сүйіспеншілікті білдіреді. Туынды табиғат пен адамның тұтастығы мен үйлесімділігінің символындай. Осылайша, авторлар көпшілікті табиғатты аялауға шақырып, Қазақстанның экологиялық проблемаларына назар аударғысы келді.

Фестиваль аясында киіз басу, кескіндеме, қаржылық сауаттылық және макулатурадан панно жасау бойынша шеберлік сыныптары өтеді.

«Aiala» арт-эко фестивалінің ұйымдастырушылары – Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ. Іс-шараның бас демеушісі – «Халық» қайырымдылық қоры.