Ақтауда мүгедектігі бар студенттердің қатысуымен Startup-жобалар байқауы басталды

Жарияланған күні: 10.05.2023


Байқаудың басты мақсаты – мүгедек жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу деп, хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.

Startup-жобалар байқауы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша «Мүгедектігі бар балалар мен жастарды әлеуметтік-мәдени тұрғыда оңалту» әлеуметтік жобасы шеңберінде өткізілуде.
«Луара» ҚҚ басшысы Лаура Асырованың айтуынша, байқауға колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері, сондай-ақ Маңғыстау облысында тұратын мүгедектігі бар адамдар қатарындағы жас мамандар қатысады.

«Финалистерге арналған байқау аясында біз бизнес-дәрістер өткіземіз, бизнес-жоспар жазу бойынша кеңес береміз. Сондай-ақ, өңірлік кәсіпкерлердің қатысуымен кәсіби турлар өтеді. Жақында стартаптардың питчингі өтті. Үш жеңімпаздың әрқайсысы өз идеясын жүзеге асыруға шағын грантқа ие болады. Қаражаьқа жеңімпаздар өздеріне қажетті жабдықты сатып алады», – дейді Лаура Асырова.

Жобаға қатысушылардың шығармашылық әлеуетін ашу үшін қоғам белсенділері инклюзивті қарым-қатынас шеберханасы, мүгедектігі бар балаларға арналған Маңғыстау облысы шығармашылық фестивалі, жазғы шеберлік сағаттары сияқты іс-шараларды өткізеді.
Қысқа мерзімді жоба 2023 жылғы қыркүйек айының соңына дейін жүзеге асырылады.