Жарияланған күні: 23.11.2023
Ақтау қаласында Маңғыстау облысындағы ҮЕҰ-ны гранттық қаржыландырудың іске асырылуы бойынша есептік жиналыс өтті.
Жиынға өңір басшысы Нұрлан Ноғаев пен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» басқармасының төрағасы Лима Диас, өңірлік үкіметтік емес ұйымдар мен қоғам белсенділері қатысты.
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының Басқарма басшысы республикада азаматтық қоғамды дамытуда маңғыстаулықтардың белсенділігі өте жоғары екенін айтты.
«Маңғыстау облысында азаматтық қоғам өте белсенді дамыған. Біз мұны үкіметтік емес ұйымдардың, белсенді тұрғындардың, еріктілердің саны бойынша көріп отырмыз. Жергілікті атқарушы органдар салаға тиісті деңгейде ден қояды. Бұл саланы одан әрі дамыту үшін азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен және жергілікті әкімдікпен бірлесіп, біз білім беру бағытындағы модульді іске қосуды көздеп отырмыз», – деді Лима Диас.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев аталған жұмыстар аса маңызды мемлекеттік міндеттерді шешуде қоғамдық ұйымдардың әлеуетін кеңінен қолдануға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды аспектілердің бірі азаматтық қоғамды дамыту және азаматтардың маңызды шешімдер қабылдауға белсенді қатысуын ынталандыру болып табылатынын атап өтті. Біз азаматтық бастамаларды қоғамның өзекті мәселелерін шешуге тарта отырып, қажетті қаражатты бөліп келеміз. Бұл арнайы күтімді қажет ететін балаларды емдеу, жастарды қолдау және т.б. мәселелер. Егер азаматтық қоғам мықты болса, мемлекет те мықты болады», – деді Нұрлан Ноғаев.
Айта кетейік, Маңғыстау облысы гранттық қаржыландыру тетігін өңірлер арасында алғашқы болып енгізді. Облыста 781 үкіметтік емес ұйым тіркелген.
Үкіметтік емес ұйымдар өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуде ерекше рөл атқарады.