Жарияланған күні: 18.09.2023
Ауылдағы жоғары сынып оқушыларына арналған алғашқы кәсіби бағдар беру орталығы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің гранттық қолдауының арқасында іске қосылды деп, хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.
«Step отбасы академиясы» ҚҚ Ақмола облысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен биыл «Степногорск аумағына қарасты ауылдарда азаматтық отбасылық бастамаларды қолдауға және дамытуға бағытталған шаралар кешенін ұйымдастыру» жобасын іске асыруда. Жоба ауыл тұрғындарының бастамаларын қолдауды ғана емес, жергілікті тұрғындарды өз жобаларын жазуға, оларды іске асыруға арналған сауатты жоспар құруға үйретуді көздейді.
«Біз өз жобамыз арқылы жергілікті қоғамдастықты әлеуметтік мәселелерді шешуге тартқымыз келді. Қарапайым ауыл тұрғындарына өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін қаражатының да, белгілі бір білімінің де жоқ екенін өзіңіз де жақсы білесіз. Сондықтан шағын гранттар конкурсын жарияламас бұрын, біз өңіріміздің барлық сегіз ауылын аралап, олардың әрқайсысында тренингтер өткіздік, жергілікті тұрғындарды өз жобаларын жазуға үйреттік, табысты кейстерді талдадық, гранттық қаражатты игеру жөнінде есепті қалай тапсыру керектігін түсіндірдік», – дейді жоба жетекшісі Елена Абрицова.
Конкурстың қорытындысы бойынша 4 жеңімпаз анықталды. Олар 500 мың теңге мөлшеріндегі шағын гранттардың иегерлері атанды. Грантты алғаннан кейін қоғам белсенділері мен бастамашыл топтар Степногорск аумағына қарасты ауылдардың тұрғындары үшін маңызды да қажетті жобаларды жүзеге асыра алды. Мәселен, Қырыққұдық кентіндегі мектептің түлегі Қоблан Кенжин оқу орнының 50 жылдығына орай мемлекеттен алған гранттық қаражатқа алтын ұя – мектебінің ауласындағы ойын алаңын қалпына келтірді. Қоблан бастаған бастамашыл топ алаңды шөптен тазартып, мұнда жаңа шағын формаларды, қоқыс салатын жәшіктерді, орындықтарды орнатты, ескі фигураларды ретке келтірді, құм әкелді. Бастамашыл топ тіпті оқу жылының басында алаңды ашу шарасын да ұйымдастырып үлгерді.
Жоба аясындағы тағы бір алаң Ақсу кентінде бой көтермек. Диана Жексенова жетекшілік еткен бастамашыл топ балалар ойын кешенінің Алматыдан жеткізілуін күтуде. Жаңа нысан келген бойда белсенділер оны орнату жұмыстарына кірісетін болады.
Ал «Ел арманы» қоғамдық қоры мемлекеттің қолдауымен Қарабұлақ кентінде алғашқы кәсіби бағдар беру орталығын ашты. Мұндай орталықтың жұмысы ауылды дамытуға жастардың әлеуетін тарту мақсатында ұйымдастырылған. Грант қаражатына проектор, экран, ақпараттық стендтер сатып алып, қоғам белсенділері жергілікті жастарды түрлі мамандықтардың қызметімен таныстырады. Сабаққа оқушылардың ата-аналары да, мұғалімдер де қатыса алады.
Елена Абрицованың айтуынша, бұл жоба жергілікті тұрғындардың кейбір бастамаларын қолдауға ғана емес, сондай-ақ ауыл тұрғындары арасында еріктілікті насихаттауға мүмкіндік берген.
«Біздің жоба аясында Алексей мен Оксана Атамась Заводской және Ақсу кенттерінің қарт тұрғындарына, жалғызбасты аналарына қысқа отын дайындауға, пештің құбырларын ерітіп жабыстыруға, үйлердің аумағын жинауға көмектеседі. Отбасылық жұптың игі ісіне жергілікті тұрғындар, жастар қуана қосылады.
Қырыққұдықта да Қобылан Кенжиннің жобасын мектеп ұжымы, жергілікті әкімдік және өз ауылын сүйетін қарапайым тұрғындар қолдады. Өйткені, жасаған әр жақсылықты қайыры болады», – дейді жоба жетекшісі.
Айта кетейік, «Степногорск аумағына қарасты ауылдарда азаматтық отбасылық бастамаларды қолдауға және дамытуға бағытталған шаралар кешенін ұйымдастыру» жобасы қыркүйек айының соңында аяқталады.