Жарияланған күні: 26.10.2022
Оңалту мекемесі республикалық «Zhas Project» жобасы аясында жұмысын бастады деп хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.
Алматы, Жетісу, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан және Ұлытау облыстарында «Zhas Project» жобасы аясында осал санаттағы 252 бастамашыл топ сомасы 1 млн теңгеге дейінгі грантқа ие болып, өз идеяларын іске қосуға кірісті. Гранттық жобаның 25-сін Алматы облысының жастары, 38-ін – Жетісу облысының жастары жүзеге асыруда.
Жобаның екі облыстағы жетекшісі Әлия Құрманғалиеваның айтуынша, «Zhas Project» NEET санатындағы жастарға үлкен қолдау көрсетті.
«Жетісу мен Алматы облысының жастары осы жобаға белсене қатысты. Қос өңірден әлеуметтік жобалары бар NEET санаты арасынан 18 бен 29 жас аралығындағы қазақстандықтардан, сондай-ақ жастардың осал топтарын қолдауға және жергілікті қоғамдастықтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған жобаларға бастамашыл болған жастардан 600-ден астам өтінім келіп түсті.
Жастар өз өмірін жақсы жаққа өзгертуге, өзіне деген сенімін арттыруға мүмкіндік алды», – дейді Әлия Құрманғалиева.
«Zhas Project» аясында өңірлерде наубайханалар, кондитерлік дүкендер, балаларды дамыту орталығы, массаж кабинеті пайда болды, веб-дизайннан, робототехникадан, копирайтингтен курстар ұйымдастырылды.
Мемлекет ұсынған гранттың арқасында Көктөбе ауылындағы Ернар Ізтелеу ешкі өсірумен айналысады, Талдықорған политехникалық колледжінің жас оқытушысы Жігер Берлігожа «Young tree» жас ағаштарының тамырына арналған биотыңайтқыштарды шығарады.
Ал бұрынғы спортшы Анастасия Ряполова Алматы облысының Талғар ауданында грант аясында мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастарды бейімдеуге арналған дене шынықтыру-сауықтыру орталығын ашты.
«Спортпен кәсіби тұрғыда 10 жыл бойы айналысып келемін. 2 топтағы мүгедек бола тұра мен бейімдеу спорты адамдардың алдында жаңа мүмкіндіктерді ашатынына, төзімділікке, өмірден ләззат алуға, қорқыныш пен ұяңдылықты жеңуге үйрететініне көз жеткіздім», – дейді Анастасия Ряполова.
Еске салайық, «Zhas Project» жобасы әлеуметтік осал топтардағы жастарды нәтижелі жұмыспен қамтуға тартуға, сондай-ақ жергілікті жерлерде бизнес-идеяларды қолдауға бағытталған. Ол ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен жүзеге асырылады.