Жарияланған күні: 19.03.2018
Құрметті оқырмандар, Орталық жаңа дәстүрді қолға алды. Мемлекеттік гранттарды жеңіп, әлеуметтік мәселелерді, азаматтық қоғамды дамытуда аянбай еңбек етіп жүрген үкіметтік емес ұйым өкілдерімен енді тұрақты түрде сұхбаттасып отыруды жөн деп шештік. Біздер үшін сіздердің атқарып жатқан еңбектеріңіз бағалы, пікірлеріңіз маңызды.
Алғашқы сұхбатымыз «Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігінің бас директоры Серікқазы Кәкібалановпен өтті.
Серікқазы Көкенайұлы, сіздің ұйымыңыз қай бағытта қызмет етеді?
Жалпы алғанда ақпараттық, мәдени ағартушылық сала деп айтуға болады. Ал, нақтылап айтатын болсақ, ана тілімізде интернетке қатысты жобалар жасап, сол арқылы қазақша интернет-кеңістік құру болып табылады. Елімізде ақпарат, оның ішінде интернет мәдениетін қалыптастыру. Ол үшін халықтың осы бағытта медиасауаттылығын түзу қажет болғандықтан жобалар атқарамыз.
Ұйымның тәжірибесінде қандай жобалар бар?
2014, 2015 жылдары Астана интернет форумы, сонымен қатар 2011 жылдан бері болып келе жатқан қазақ тілді блогерлердің жиыны –Блогқұрылтай, 2014 жылдан бері бізді ұйым қолдауымен өтіп келеді. Демеушілер табылғанына қарай арасында қазақша интернет-ресурстардың бәйгелерін де ұйымдастырып тұрамыз.
2017 жылы сіз Орталықтың грант иегері болдыңыз. Қандай гранттық жобаны жүзеге асырғаныңыз жөнінде айта кетсеңіз.
«БАҚ қоғамдағы құқықбұзушылыққа «мүлдем төзбеушілікті» қалыптастыру құралы» атты тақырыпта жеңімпаз атанып, оны өте жақсы деңгейде атқарып шықтық деп айта аламын.
Жоба аясында қандай шаралар ұйымдастырылды, нендей нәтижеге қол жеткіздіңіздер?
Жоба аясында «Nukte.kz» интернет-газеті мен оның Facebook әлеуметтік желісінде парақшасы ашылды. Былтырғы жыл аяғына қарай аталған сайтты Google Analytics есептеуіші бойынша күніне 5000 оқырман қараса, ал парақшасына 1600 оқырман тіркелді. Сонымен бірге тақырыпты ашу үшін блогерлер мен журналистер арасында 1,5 айлық мерзіммен конкурс жарияланды. Жоғарыда аталған интернет-басылым беттерінде құқықбұзушылық тақырыбында 100-ден астам материал жарияланды. 3 номинация бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.
Биыл «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» жариялаған гранттар байқауына өтініш жаздыңыз ба?
Әрине, мүмкіндігінше жылда қатысуға тырысамыз. Биыл өзіміз ақпарат саласына қатысты жұмыстармен айналысатындықтан «Азаматтық сектор қызметін жариялау бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуетін арттыру» және «Блог салада және әлеуметтік желілерде қоғамдық келісім және жалпы ұлттық бірлікті ілгерілету» атты екі жоба ұсындық.
Елімізде грант беретін өзге де ұйымдар бар екенін білетін шығарсыз. Олармен жұмыс істеп көрдіңіз бе?
Мемлекеттен бөлек көптеген шетелдік ұйымдар грант беретінін білемін. Бірақ менің бір байқағаным, біздің жобалар негізінен қазақ тілді ортаға арналғандықтан олар бізге аса бір қызығушылық таныта қоймады. Сол себепті де олармен араласып кете алмадық.
Сіздің ойыңыз бойынша бүгінгі отандық ҮЕҰ-ның 3 артықшылығы мен 3 әлсіз тұстарын айтып бере аласыз ба?
Әрине, атап көрсетсем. Артықшылықтары:
• Әлеуметтік мәселелерге, оның ішінде, әсіресе, мүгедек балаларға салалық ҮЕҰ-дар жақсы көмек көрсетіп, халық көңілінен шығып жүр.
• Көптеген әлеуметтік проблемалар туралы тәуелсіз түрде ашық айта алады және билікке өткізе алады. Тек ретін білсе болды.
• Интернет пен әлеуметтік желілерді жақсы меңгергендіктен халықпен тікелей араласуы жақсы, яғни кері байланысты жақсы пайдалана алады.
Кемшіліктері:
• ҮЕҰ-дардың көпшілігі қазақша іс қағаздарын жүргізе алмайды және сәйкесінше қазақ тілінде жобалар жасамайды.
• Ауыл проблемаларын қамти алмай жатыр. Сол үшін де ауылдардан да ҮЕҰ ашылып, жобалар атқарылса, құба-құп болар еді.
• Салалық ҮЕҰ-дардың ауызбіршілігі жоқ. Бір-бірін қолдап, бірге жұмыс істеудің орнына, кейде бір-біріне күйе жағып масқара болып жатады.
Жобаларды жүзеге асырғанда қандай қиындықтарға жолықтыңыз?
Есеп берушілік өте көп. Мысалы, апта сайын жоспар жасап, есеп тапсырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Осы құжаттардың барлығын қағазға басып шығару да қағаздың соры болды. Электрондық түрге көшірілсе көп жұмыс жеңілдер еді. Жоғарыда аталған Nukte.kz сайтының барлық материалдарын қағазға басып шығарғанымызда бірнеше том болып кетті.
Елімізде кейбір мемлекеттік қызметтің функцияларын ҮЕҰ алмастыруы мүмкін деген ұсыныстар айтылып, тіпті, пилоттық жобалар іске қосылды. ҮЕҰ қай салаларда мемлекеттік органдарды алмастыруы мүмкін?
Алдымен әлеуметтік сала деуге болады. Оның ішінде мүгедек балалармен жұмыс атқаратын ҮЕҰ-дар өте тиімді жұмыс істей алады деп ойлаймын. Одан кейін мынандай интернет пен әлеуметтік желілер күшті дамыған заманда ақпараттық салада ҮЕҰ-дар мемлекеттік органдарды алмастырмаса да, оларға жақсы көмекші бола алады деген ойдамын.
7 жасар балаға ҮЕҰ-ның анықтамасын қалай түсіндіріп берер едіңіз?
Балаға үкіметтік емес ұйым деп созып айтудың қажеті шамалы. Мен қоғамдық ұйым деп қысқаша ғана айтамын. Қоғамдық ұйымдар қоғамдағы проблемалар мен мәселелерді тікелей адамдардың өзімен араласа отырып шешетін ұйымдар деп ұғындырамын.
Сұхбатыңызға үшін рахмет! Жұмыстарыңызға табыс тілейміз.