«Ізгі істер марафоны»: волонтер болудың жолдары жайлы қатысушылар айтып берді
Ұлттық жоба – «Ізгі істер марафоны» күннен-күнге қарқын алуда: еліміздің барлық өңірлерінде күн сайын мыңдаған қазақстандық игі істер жасап, оларды әлеуметтік желілерде бөлісуде. Бұл – көпке белгілі «жаман нәрсе жұқпалы» деген пікірге керісінше, жақсы үлгінің де жұқпалы екенінің айғағы. «Үлкен немесе кішкентай ізгі істер болмайды, қай жерден бастауға болады, егер марафонға қосылғың келсе, бірақ қалай екенін білмесең, волонтер болу – бұл ең алдымен жан дүниенің қалауы» деген ойларымен «Ізгі істер марафоны» ұлттық жобасының қатысушылары бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өткен аптаның өзінде марафон аясында 600-ден астам шара өтіп, өмірдің көптеген салаларын қамтыды. Мәселен, ең белсенді аймақтардың бірі – Павлодар облысында «Сен жалғыз емессің» қоғамдық қорының еріктілері Павлодар облыстық хосписіне 900 000 теңге көлемінде материалдық көмек көрсетті. Жергілікті АХАЖ бөлімінің қызметкерлері «Сәбилер үйіндегі» балаларға көмек қолын созды, ал павлодарлық тұрғын Алия жануарлар панасына арнап азық сатып алып, вакцинаға қаржы аударды. Сондай-ақ, Павлодарда әлеуметтік фронт-офис ашылып, мұнда әр адам әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша тегін кеңес ала алады. Аксу қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған садақ ату секциясы жұмысын бастады.
Павлодар облыстық «Жасыл ел» штабының командирі Русана Самекова игі істер жайлы айту маңызды деп есептейді, өйткені бұл – ең алдымен өскелең ұрпаққа үлгі.
«Әрине, біреудің өмірін түбегейлі өзгерту қиын, бірақ оны дұрыс арнаға бағыттауға болады. Біз өз жұмыстарымызды әлеуметтік желілерге жиі жариялаймыз. Адам көріп, мүмкін, өзі де қосылғысы келіп, көмектескісі келеді. Айтқандай, жақсылық та жұқпалы», – дейді ол.
Көп жылдан бері «Жасыл ел» көмекке мұқтаждарға да, табиғатқа да қолдау көрсетіп келеді. Биылғы 17-ші еңбек маусымын да олар «Ізгі істер марафонының» аясында бастады.
«Біздің волонтерлер жалғыз тұратын қарт адамдарға қар мен мұз тазалауға, үйлерін жинауға көмектеседі. Олар ризашылықпен батасын береді. Бұл біздің жастарға одан да көп ізгі іс жасауға шабыт береді», – деп атап өтті Русана Самекова.
Көкшетаудағы «Мейірімді жүрек Lider.kz» қоғамдық қорының жетекшісі Ирина Катухова былай дейді:
«Мен адамдарға көмектесуді бастадым, себебі бала күнімде өзім де үйде ас-су таппайтын жағдайды бастан өткердім. Ол кезде мұндай қорлар жоқ еді, сондықтан адамдарға жылу мен мейірім сыйлау үшін топ құруды шештім. Бізге кезінде осындай қиындықтарды бастан өткерген қарапайым адамдар көмектеседі. Волонтер болу – бұл жан дүниенің жағдайы, ол үшін үлкен жүрек пен мейірімділік қажет. Біз бұған жалақы да, марапат та алмаймыз».
Қоғамдық қор еріктілері апта сайын үйсіз жандарға ыстық ас таратады, мұқтаждарға киім жинайтын қоймада жұмыс істейді, азық-түлікпен көмектеседі. Сондай-ақ, жалғызбасты зейнеткерлерге арналған жедел көмек желісін іске қосты.
Қор жетекшісінің айтуынша, қайырымдылықта үлкен немесе кіші іс жоқ – кез келген көмек маңызды.
«Ең бастысы – жүректен шыққаны. Ал бастағың келсе, бүгіннен бастауға болады: әжеге нан әкеліп беру, қоқыс шығарып беру. Сондықтан үлгі көрсетіңіздер, әрқайсымыз өзгелерді бақытты ете алатынымызды еске салыңыздар», – дейді Ирина Катухова.
Жамбыл облысында Түрік этномәдени орталығы «Ахысқа» қызметкерлері Тараз қаласындағы мешіттерге 2,5 миллион теңгеге медициналық маска, антисептик пен парацетамол жеткізді. Ал Қызылорда облысында Шиелі ауданы әкімдігінің бастамасымен және «Gezhuba Shieli Cement Company» ЖШС-нің қолдауымен әлеуметтік көмекке мұқтаж 60 отбасы 900 000 теңге көлемінде азық-түлік алды.
Атырау облысында да қарапайым азаматтар марафонға қосылуда: Сарайшык ауданындағы Махамбет ауылының белсенділері өз қаражаттарына үш балалар алаңын орнатты.
Қызылорда облысының «Волонтерлер фронт-офисінің» жетекшісі Болатбек Айтбенбетов Қазақстанда волонтерлік қозғалыс белсенді дамып келе жатқанын, әсіресе жастар арасында ерекше байқалатынын айтты.
«Биыл бізге былтыр өзіміз көмектескен балалардың қосылып жатқаны қатты қуантады. Қазіргі пандемия жағдайында мұқтаж жандарға қолдау көрсету – біздің борышымыз деп санаймын», – дейді ол.
Батыс Қазақстан облысында өткен аптада ғана екі мыңнан астам адам «Ізгі істер марафонына» қатысты. Олар бірлесіп алты жүздей адамға көмек көрсетті. Мәселен, Жаңақала ауданы Қырыққопа ауылында Саламат Сертеков 30 отбасына азық-түлікпен көмектесті. Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылында аудандық мәслихат депутаты Қуаныш Ермеков екі отбасына қол ұшын берді: біріне үй сыйласа, екіншісіне жиһаз алып берді.
Ақсай қаласында Бөрлі аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Руслан Азаматов лотерея ұйымдастырып, тұрғындар мен кәсіпкерлердің көмегімен 1 900 000 теңге жинады. Бұл қаражат Емир есімді баланың еміне бағытталды. Қазір баланың жағдайы қанағаттанарлық, ол отбасымен бірге Ресейге ем қабылдауға дайындалуда.
«Менің ойымша, көмек көрсеткен әр адам автоматты түрде волонтерге айналады. Әрине, өз ісімді көп жария еткенді ұнатпаймын, бірақ бұл арқылы басқалардың да бізге қосылуына мүмкіндік туады. Біз адамдарға қуаныш сыйласақ деймін, олардың өмірінде үміт пайда болса екен деймін. Бәлкім, болашақта біздің қолдауымыз олардың да өзгелерге көмектесуіне түрткі болар», – деді Руслан Азаматов.
Ұлттық жоба «Ізгі істер марафоны» 2021 жылдың ақпан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында басталған болатын. Жобаның басты міндеттерінің бірі – немқұрайлы қарамайтын азаматтар мен ұйымдарды біріктіріп, жомарттық пен мейірімділікке негізделген қауымдастық құру. Бұл болашақта қоғам мен адамдардың өмірін жақсы жаққа өзгертуге мүмкіндік береді.
Марафонға кез келген адам қосыла алады: өз ізгі істерімен әлеуметтік желілерде #ҚАЙЫРЫМДЫІСТЕРМАРАФОНЫ #МАРАФОНДОБРЫХДЕЛ хештегтері арқылы бөлісу жеткілікті.
Барлық ұйымдастыру мәселелері бойынша +7 7172 22 12 24 телефоны арқылы немесе инстаграмдағы @qaiyrymdy_ister_marafony аккаунтына хабарласуға болады.