Талдықорғандық қуыршақ театрының директоры Наталья Бугаева (Муртазина) «Болашаққа қадам» республикалық бизнес-жобалар конкурсының жеңімпазы атанды.

«Болашаққа қадам» республикалық бизнес-жобалар конкурсын «Әйел шұғыласы» қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-тың «Азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу» мемлекеттік гранты аясында ұйымдастырды.

«Капитошка» қуыршақ театрының директоры әрі жеке кәсіпкер Наталья Бугаева (Муртазина) театрға арналған биіктетілген (ростовой) және қолғап-қуыршақтарды өзі тігеді. Мобильді қуыршақ театры үлкен сұранысқа ие және балалар үшін қайырымдылық қойылымдарын жиі ұйымдастырады.

Наталья қуыршақ театры жанынан шеберхана ашуды жоспарлап отыр. Оның айтуынша, «тірі» қуыршақтар балалардың тәрбиесіне оң әсер етеді, оларды гаджеттерден алыстатып, шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал етеді. Қуыршақтардың барлығын ол өзі, көбінесе қолдан жасайды. Дегенмен сапалы қуыршақтар жасау үшін арнайы тігін машиналары мен көмекшілер қажет болғандықтан, ол конкурсқа қатысуға шешім қабылдады.

«Конкурсқа өтінім-анкета толтыру өте оңай болды. Уайым болса, ол тек жеке толқу еді, бірақ соған да қолдау көрсетіліп, семинарларда көп көмек берілді. Әр түрлі жобалармен келген қатысушылар болды, сондықтан мұндай қолдау өте орынды әрі қажет болды», – дейді Наталья.

Грант қаражаты есебінен ол жабдықтар мен өндірістік тігін машиналарын сатып алуды, сондай-ақ жұмысшыларды жұмысқа алуды жоспарлап отыр.

Натальяға сәттілік тілейміз!

Жарияланған күні: