Әзірбайжанның ҮЕҰ-ны мемлекеттік қолдау агенттігінің басшысы АБҚО-да болды

Жарияланған күні: 01.04.2023


Бүгін Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының алаңында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет Әзірбайжанның ҮЕҰ-ны мемлекеттік қолдау агенттігінің атқарушы директоры Айгун Әлиевамен кездесті.

Кездесу барысында Мадияр Қожахмет қонаққа Қазақстандағы ҮЕҰ-ны мемлекеттік қолдау шараларымен, сондай-ақ үкіметтік емес секторды гранттық қаржыландыру механизмімен таныстырды.

Сонымен қатар, іс-шара аясында Айгун Әлиеваға Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қызметі жайлы ақпарат берілді. Ұйым қызметкерлері орталық қызметінің негізгі бағыттары туралы, орталықтың ҮЕҰ-мен өзара ынтымақтастығы шеңберінде жүргізіп жатқан жұмысы туралы және азаматтық секторды дамыту саласын жетілдіру жөніндегі жүйелі жұмыс туралы айтып берді.
Әзірбайжанның ҮЕҰ-ны мемлекеттік қолдау агенттігінің атқарушы директорының айтуынша, бүгінгі кездесу азаматтық қоғаммен тығыз жұмыс істейтін екі ұйымның тәжірибе алмасуына негіз болды.

«Біздің агенттік жақында, 2021 жылы ғана құрылды. Біз де ҮЕҰ-ға мемлекеттік гранттарды ұсынамыз, оларға консультациялық қолдау көрсетіп, халықаралық ұйымдармен байланыс орнатуға көмектесеміз. Сонымен қатар, мемлекет пен үкіметтік емес сектор арасындағы қатынастарды реттеумен айналысамыз.
Бұл – біздің Қазақстанға алғашқы сапарымыз. Бізге бұл елдің азаматтық қоғамды дамыту саласындағы тәжірибесін білу өте қызық. Осы кездесудің арқасында біз болашақта қазақстандық ҮЕҰ-мен көптеген бірлескен жобаларды да жүзеге асыра алуымыз мүмкін», – деді Айгун Әлиева.

Айта кетейік, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы алаңындағы кездесу Әзірбайжан Республикасы делегациясының Қазақстанға жұмыс сапары аясында өткен болатын.