ҮЕҰ-ның 30%-дан астамы мемлекеттік грантқа алғаш рет ие болды

Жарияланған күні: 10.03.2023


ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша ҮЕҰ-ға арналған қысқа мерзімді және орта мерзімді гранттарды ұсыну жөніндегі конкурстың жеңімпаздары белгілі болды.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының алаңында қысқа мерзімді және орта мерзімді мемлекеттік гранттарды ұсыну жөніндегі конкурстардың сараптамалық комиссиясының отырыстары аяқталды.

Конкурстың қорытындыларына сәйкес, биыл 38 қысқа және орта мерзімді гранттық жобаны 33 ҮЕҰ іске асыратын болады. Орталықтың Басқарма төрағасы Ғалым Құрманның айтуынша, әрбір үшінші ҮЕҰ немесе жеңімпаздардың жалпы санының 36%-ы мемлекеттік грантқа алғаш рет ие болып отыр.

«Биылғы конкурс мемлекеттік гранттарды ұсынудың жаңа механизмінің аясында өткізілді. Оған еліміздің әр өңірінде тіркелген үкіметтік емес ұйымдар белсене қатысты. Конкурстың қорытындысы бойынша 33 ҮЕҰ-ның 12-сі алғаш рет мемлекеттік гранттың иегері атанды. ҚР АҚДМ гранттары бойынша ҮЕҰ пулы өткен жылмен салыстырғанда 58% – ға жаңартылғанын да атап өткен жөн. Бұл өз кезегінде үкіметтік емес ұйымдардың өтінімдерін бағалау ашық түрде жүзеге асырылатындығын растаса керек», – деді Ғалым Құрман.

ҮЕҰ-ға арналған қысқа мерзімді және орта мерзімді гранттарды ұсыну жөніндегі конкурстың нәтижелерімен мына сілтеме арқылы өтіп, танысуға болады: https://cisc.kz/kk/53307-53307.html.

Айта кетейік, бүгінгі таңда тәуелсіз сарапшылар комиссиясы ұзақ мерзімді гранттарды ұсыну жөніндегі конкурсқа түскен өтінімдерді бағалауда.