Жарияланған күні: 21.02.2023
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы ҮЕҰ-дан мемлекеттік гранттарды ұсыну жөніндегі конкурсқа өтінімдерді қабылдауды аяқтады, деп хабарлайды Орталықтың баспасөз қызметі.
ҮЕҰ-ға арналған мемлекеттік гранттарды ұсыну жөніндегі конкурсқа қатысуға ҮЕҰ-дан 304 өтінім келіп түсті. Өтінімдерді 215 ҮЕҰ жолдады. Атап айтқанда, мемлекеттік тілде 36 ҮЕҰ-дан 58 өтінім, орыс тілінде 179 ҮЕҰ-дан 246 өтінім келіп түсті.
«Өтінімдерді қабылдау 1 ақпанда аяқталды. Бұдан кейін біздің қызметкерлер берілген өтінімдердің грант жоспарында көзделген талаптар мен шарттарға, оның ішінде тақырыпқа, мақсатқа, міндеттерге, іске асыру мерзімдеріне, аумақтық қамтуға, бөлінген қаражат мөлшеріне, жобаны іске асырудан күтілетін нәтижеге сәйкестігін, ҮЕҰ-ның Дерекқорда тіркелгендігін немесе тіркелмегендігін тексерді», – деп атап өтті Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басқарма төрағасы Ғалым Құрман.
Осылайша, тәуелсіз конкурстық комиссияның қарауына 181 ҮЕҰ-дан түскен 255 өтінім жолданды.
Қысқа және орта мерзімді гранттарға өтінімдерді бағалау кезінде сарапшылар комиссиясы келесі 8 өлшемшартты назарға алады: жобаның өзектілігі және әлеуметтік маңыздылығы; инновациялылығы, бірегейлігі; логикалық байланыстылығы және іске асырулығы, жоба іс-шараларының оның мақсаттарына, міндеттеріне және күтілетін нәтижелерге сәйкестігі; жоба шығыстары сметасының шынайылығы және жобаны іске асыруға жоспарланатын шығыстардың негізділігі; өтініш берушінің жұмыс тәжірибесінің болуы; өтініш берушінің ақпараттық ашықтығы.
Орта мерзімді гранттар бойынша өтінімдер қосымша мынадай өлшемшарттар бойынша бағаланады: жобаны іске асыру ауқымы; жоспарланған қызметке жобалау командасының қызмет тәжірибесі мен құзыреттерінің сәйкестігі.
Үкіметтік емес ұйымдарға арналған қысқа және орта мерзімді мемлекеттік гранттарды ұсыну жөніндегі конкурстың қорытындылары наурыз айының басында белгілі болады.