Қаріп көлемі: A A A
Сайттың түсі: A A
Қаріп түрі:
Сенім
телефондары
+7 (771) 348-83-84 +7 (7172) 72-96-53

ЭКСПО-да иесіз иттерді құтқару оқиғаларына арналған көрме ашылды

ЭКСПО-да иесіз иттерді құтқару оқиғаларына арналған көрме ашылды

Нұр-Сұлтан қаласында волонтерлер мен олардың иттерді қалай құтқарып алғанын баяндайтын «Адам мен ит дос» көрмесі ашылды. Фотожобаны «Shiba help kz» волонтерлік ұйымы ұйымдастырып отыр. Көркем фото – келушілерге волонтерлер көмектескен иесіз иттердің аянышты оқиғалары туралы сыр шертеді.

«Адам мен ит дос» көрмесінің ашылуы 4 қазан, яғни Халықаралық жануарларды қорғау күніне орайластырылған. Көрме Қазақстанның жануарларды қорғау туралы заңының қабылдануын қолдау мақсатында ұйымдастырылып отыр.

«Shiba help kz» волонтерлері өз көрмесімен жануарлар туралы заңды тезірек қабылдау қажеттігіне баса назар аудартуға ниеттенген. Иесіз жануарлар санының қалалар мен ауылдарда артып бара жатқанын ойлантады.

«Біздің экспозицияда иттердің 17 суреті бар. Олардың барлығын еріктілер көшеде өлімнен құтқарып алған. Олардың кейбірі үйін тапты, кейбіреулері жануарларға арналған баспаналарда тұрады. Әрбір иттің оқиғасы өзінше бірегей, бірақ сонымен бірге Қазақстанда ол оқиғалардың бәрі ұқсас. Мұндай оқиғалардың соңы көрінбейді, күн сайын еріктілер жүздеген итті құтқарып жүр ал мыңдағанына көмектесуге уақыт жете бермейді. Өлім мен қатыгездіктің бұлайша созылуын тоқтату үшін жануарларды қорғау саласында жүйелі реформалар қажет. Асыл тұқымды емес жануарларды міндетті түрде зарарсыздандырудан бастап, үй жануарларының иелеріне салықтар мен айыппұлдарға дейінгі шараларды қабылдау қажет. Реформалардың негізі – заңның қабылдануы және оның дәйекті орындалуы болуы тиіс», – дейді «Shiba help kz» басшысы Жәмилә Тұрыскелдина.

«Адам мен ит дос» көрмесі ЭКСПО павильонының (Мәңгілік ел даңғылы 55/13, С 2.1 блогы) бірінші қабатындағы холда өтіп жатыр. 17 қазанға дейін жалғасады. Оған еркін кіруге болады.

Көрме Елбасы Академиясының қолдауымен және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстан волонтерлері лигасы» қоғамдық қорының жануарларға деген жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған «Birgemiz: Ayala» жобасының шағын гранттары шеңберінде өткізіледі.

https://kazgazeta.kz/news/117767