Қаріп көлемі: A A A
Сайттың түсі: A A
Қаріп түрі:
Сайттың бұрынғы нұсқасына өту
Сенім
телефондары
+7 (775) 511-07-41 +7 (7172) 72-96-53

Айтыстың өзі шоу, оған ән мен әзіл қосу бекер – Мейірбек Сұлтанхан

Алқалы жұрттың алдына шығып, ауызыңнан шыққан әрбір сөзді құлақ қойып тыңдата білу үшін де жүрек керек. Көшпелі қазақтың қанына сіңіп, домбыра болып шертіліп, сөз болып буырқанған айтыс өнері қаншама кезеңдерден өтіп түрленіп келеді. Бүгінгі айтыстың жәй-күйі қалай? Айтысты шоуға айналдыру қаншалықты керек? Осы сынды көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтар төңірегінде айтыскер ақын, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Мейірбек Сұлтанхан әңгімелеп береді.

Мейірбек Сұлтанхан 1993 жылы 26 маусымда Қызылорда облысы Шиелі ауданында дүниеге келген. Бала кезінен өнерге құштар көңілі бүгінде Алаштың азулы ақыны деп айтатын дәрежеге жеткізген. Мейірбекті айтыс аламанынан бір-ақ шығарған отбасының бірнеше аспаптарда еркін ойнай алатын өнерпаздығы болса керек.

 

1998 жылы ағамның Отардан әскерге ант қабылдау рәсімінен қайтып келе жатқан кезде пойызда әкеме домбыра алып бер деп жылағаным бар. Сонда соңғы ақшасына маған сол кішкентай домбыраны алып беріп, бес жасар баланы бетінен қақпағаны әкенің қамқорлығы үлкен қадамдарға алғашқы баспалдақ секілді болған екен, дейді ол.

 

Бала күнгі арманыма жеттім деп есептейтін, айтыстың ауыр жүгін арқалап жүрген Мейірбек «шегіне жеткізіп айтқан мәселем шешімін әлі күнге таппады-ау деп өкініп отыратын кездер де болады – дейді.

 

– Әттеген-ай, мына тақырыпты тереңірек қозғағанда дұрыс болар еді деп сахнадан шыққаннан кейін сан соғып отырған кездер де, шегіне жеткізіп айтқан мәселем шешімін әлі күнге таппады-ау деп өкініп отыратын кездер де болады. Өйткені ақындар айдағы, аспандағы мәселені емес, осы халықтың ішіндегі мұң-мұқтажды айтады. Санаулы атқа қонған ағаларымызды білемін айтысқа келген кезде ақындардың айтқан кемшілігінен нәтиже шығарамыз деп құлақ қойып тыңдап отыратын.

 

Қоғаммен бірге жаһанданып, жанданып келе жатқан айтыс түрлі форматқа ұшырап, өзгерістер енгізілді. Десе де көнеден жеткен киелі өнердің бағасы ешқашан түспек емес. Бұл туралы да Мейірбектің өз толғамдары бар.

 

– Айтыстың өзі – шоу. Оған эстраданың танымал әншілерін немесе әзілкештерді алып келіп айтыстың деңгейін көтереміз деу бос әурешілік. Мен бұрыннан осы жоба шыққаннан қарсы болғанмын. Әлі күнге сол пікірдемін. Мұхтар Әуезов айтқан «Айтыс дала театры» – деп. Кешегі Нартайлардың бір өзі – бір театр атануы осы сөзге дәлел.

 

Қайым айтыста да, суырып салуда да, сөз тапқырлығы мен тілге орала бермейтін шумақтарымен көпшіліктің көңілінен шығып жүрген ақын Мейірбектің бастауышта сабақ берген ұстазы Ұлбосын Өмірбекова «бағындырар белесі көп екенін бастауыш мектепте оқып жүргенде-ақ дәлелдеп қойған» – деп пікірін білдірді.

 

– Бала болса да бағындырар белесі көп екенін бастауыш мектепте оқып жүргенде-ақ дәлелдеп қойған. Алғыр бала болды. Көзінде от жанып тұратын баланың келешегі жарқын емес пе?! Бүгінгі Мейірбектің әрбір айтысын үзбей көріп, айтқан ұтымды жолдарына қол соғып, ұстаздық, аналық пейіліммен тілекші болып жүремін.

 

Сұлтанханның немересімен қазіргі індет жайлаған уақытта айтыстың өту барысы жайлы да сұрап білдік. «Өз басым баяғы республика сарайында немесе далада дүркіреп өтетін айтыстарды сағындым» – дейді Мейірбек.

 

– Телефонға телміріп отырып қарсыластың айтқанына жауап берген кездер де болды. Өз басым баяғы республика сарайында немесе далада дүркіреп өтетін айтыстарды сағындым. Жүйріктің делебесін халықтың қиқуы қоздырады. Сол кезеңдерде, шабыттана жыралаған шақты нағыз айтыс деп есептеймін. Алла сол күнге тезірек жетуге жазсын. Алмас Алматовтың сөзімен айтар болсақ «мұз жалаған сиырдай мейіріміз қанбай, суретімізбен сөйлескендей болып отырдық». Тезірек арқа-жарқа ағайынмен бас қосатын бұрынғы күнімізге жетейік, – дейді айтыскер.

 

Республикалық айтыстарда сан мәрте Бас жүлде алған Мейірбек Сұлтанханның шығармашылығына сәттілік тілейміз. Айтыс аламанының ақтаңгер ақыны болып жүре берсін деген тілек білдіреміз.

Мақала Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының «Ұрпақтар сабақтастығын және Қазақстан халқының дәстүрлерін танымал етуді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін іске асыру» мемлекеттік гранты аясында «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің қолдауымен «Жетістіктің тарихы» іс шара жоспарына сәйкес әзірленді.