Қаріп көлемі: A A A
Сайттың түсі: A A
Қаріп түрі:
Сайттың бұрынғы нұсқасына өту
Сенім
телефондары
+7 (775) 511-07-41 +7 (7172) 72-96-53

«1920-1950 жылдардағы Кеңес саясаты: Қазақстанда жас тарихшылар еңбектерінің жинағы баспадан шығады

Семейде «1920-1950 жылдардағы Кеңес саясаты: жас тарихшылардың көзімен» республикалық форумы өтті.  Шараны «Салауат» Шығыс Қазақстан облыстық жастар қоғамдық бірлестігі мен Alikhan Bokeikhan University бірігіп ұйымдастырды.

«1920-1950 жылдардағы Кеңес саясаты: жас тарихшылардың көзімен» пленарлық отырысы республикалық форумның негізгі шарасы болды. Жиынға еліміздің әр өңіріндегі жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарында қызмет ететін оқытушылар, жас тарихшылар және ғылыми қызметкерлер, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толықтай ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы жұмыс тобының мүшелері қатысты.

Форум барысында қатусышлардың баяндамалары тыңдалып, жиналғандардың назарына тарихи және қоғамдық құнды зерттеулердің нәтижелері, кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі республикалық комиссия қызметінің жоспарлары ұсынылды.

Шараны ашқан Alikhan Bokeikhan University ғылым жөніндегі проректоры Әсел Қайшатаева ұлт тарихындағы «ақ дақтардың» орнын толтыруға жұмсалған  күш-жігердің маңыздылығын атап өтті.

«ХХ ғасыр қазақ халқының тарихи тағдырында аса маңызды кезең болды. Қазақ қоғамындағы саяси ойдың дамуы, Қазақ мемлекеттілігін жаңғырту идеясы осы кезде пайда болған. Қайшылықтарға толы, сан қилы саяси-әлеуметтік, экономикалық, мәдени өзгерістер орын алған ХХ ғасырдағы тарихи үдерістерді зерттеуге әрі жан жақты танытуға көңіл бөлу – заман талабы», – деді ол.

Форум соңында жас ғалымдар Семей қаласындағы Мұхтар Әуезов және «Алаш арыстары» мұражай үйін, Абай атындағы тарихи-мәдени әдеби-мемориалдық музейді аралап, ХХ ғасырда өмір сүрген қазақ қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығына арналған экспозицияларды тамашалады.

Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, форумға қатысушылардың баяндамалары негізінде қыркүйек айының соңына дейін арнайы ғылыми еңбектер жинағы шығарылады.

Форум Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен жүзеге асырылатын «Тарих ақтаңдақтары: саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау» республикалық жобасы аясында өткізілді.