Қаріп көлемі: A A A
Сайттың түсі: A A
Қаріп түрі:
Сайттың бұрынғы нұсқасына өту
Сенім
телефондары
+7 (775) 511-07-41 +7 7172 22 13 23

Қоғамдық кеңестер қызметі күшейтіледі

Елімізде азаматтық бастамаларды қолдау және дамыту мәселелері бұған дейін де аз айтылған жоқ еді. Әлі де айтылып жатыр. Мемлекетімізді алға бастыратын айқын қадамдарға ең алдымен осындай бастамалар қозғау болатыны анық. Осыған байланысты Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, бұл бағытта атқарылып жатқан бірқатар жұмыс сараланды.

Журналистермен жүздесуге Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлепов, Парламент Мәжілісінің депутаты Вера Ким және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» басқармасының төрайымы Лима Диас келді. Спикерлер мемлекет пен үкіметтік емес сектор ара­сын­дағы диалогты жетілдіру шара­­лары, волонтерлік және қайы­рым­дылық қызметті дамыту, мем­лекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру және гранттық қаржыландыру мәсе­лелері бойынша заңнамаға әзір­ленетін түзетулер туралы баян­дады. Болат Тлепов өз сөзінде министрлік тарапынан мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылын дамыту бойын­ша жүр­гізіліп жатқан жұмысы ту­ра­лы егжей-тегжейлі айтып берді.

Оның айтуынша, Тәуелсіздік­тің 30 жылы ішінде үкіметтік емес ұйымдар саны 100-ден 22 мыңға дейін артты және олар әлеуметтік маңызы зор мәселелерді шешуде дәл қазір-ақ мемлекетке сенімді серік­тес болуға даяр. Орталық Азия­дағы мұндай ұйымдар ең көп тір­келген ел – Қазақстан. Сондай-ақ Б.Тлепов 2021 жылдың басы­нан Қоғамдық кеңестер туралы қол­даныстағы заңнамаға түзету­лер күшіне енгенін еске салды.

– Осы жылдан бастап еліміз­де жұмыс істеп жатқан 237 және оған қосымша құрылатын 13 Қо­­ғам­­­дық кеңестің өкілеттілігін едәуір арттыратын заңнамалық өз­геріс­­­тер күшіне енді. Атап айт­сақ ендігі жерде қоғамдық кеңе­с­тер­дің 70%-дан кем емес құрамы, бай­­қау арқылы сайлана­тын, үкі­мет­­тік емес ұйым өкілдерінен тұра­­тын бола­ды, – деді вице-министр.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, қо­ғам­дық кеңестердің сапалық және сандық құрамын қалыптас­ты­ру, қоғамдық кеңестердің өкі­лет­тіктерін, құқықтары мен мін­дет­терін кеңейту, сондай-ақ қоғамдық бақылау нысандарын регламенттеу жөніндегі шаралар көзделеді. Осылайша, вице-ми­нистр заңды іске асыру үшін министрлік «Қоғамдық ке­­ңес туралы» үлгілік ережені және қо­ғамдық бақылауды ұйым­дас­тыру және жүргізу қағида­ларын әзірлеп, бекіткенін айтты.

Еске сала кетсек, қоғамдық к­еңес­­тер саласындағы негізгі жа­ңа­­­лықтардың бірі квазимем­ле­кет­­тік сектор субъектілерінде қоғам­­дық кеңестер құру болып та­была­ды. Қазіргі уақытта министр­лік ква­зи­мемлекет­тік сектордың 13 ұйы­мында қоғам­дық кеңестер құру бо­йынша әдістемелік жұмыс жүр­­гізуде. Б.Тлеповтің айтуын­ша, бұл олар­дың қызметінің қо­ғам­­ға ашық­тығы мен айқын­ды­ғын қамта­масыз етуге мүмкін­дік бе­­ре­­ді. Мемлекет басшысына жыл са­­йын­ғы негізде қабыл­дан­ған тү­зе­ту­лер­ді ескере отырып, қоғам­­дық ке­ңес­тердің қызметі туралы Ұлт­­тық баяндама енгізілетін болады.

Сонымен қатар брифинг барысында спикерлер Мемлекет басшысы бастамашылық еткен Во­лонтер жылы аясында және басқа да жүйелі шаралар­дың арқасын­да еліміздің бар­лық өңірінде во­лонтерлік ұйымдар­дың да, во­лонтерлердің де өсу қар­қыны бай­қалатынын атап өтті. Мысалы, во­лонтерлік ұйым­дар­дың саны 3 есе­ге, ал тұрақты волонтерлер 4 есеге өсті. Бүгінде Қазақстанда 600 во­лон­терлік ұйым жұмыс істейді, оларға 200 мың белсенді азамат тар­тылған.

Брифинг барысында министр­ліктің қоғам өкілдерімен бірлесіп волонтерлік және қайырымды­лық қызметті одан әрі дамыту үшін қолданыстағы заңнама­ға бірқатар түзетулер әзірлегені атап өтілді.